Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысындағы зағип жандардың көмекшілері жалақыларына шағымданды

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2020
  • 2376

Алматы облысында 1-топ мүгедектері мен зағиптардың көмекшілері бүгін шу көтерді. Олар өздеріне жалақы төлеп отырған корпоративтік қор мекемесіне баса-көктеп кірді. Жиналғандар еңбекақылары ай сайын кеміп жатқанын түсіне алар емес. Әлеуметтік қызметкер Ләйлә Жексенова зағип жанға қарайды. Бұл еңбегі үшін, 58 мың теңге айлық тиесілі. Алайда бұл қаржының өзі соңғы 2-3 айдан бері толық берілмейтін болған. 

Ләйлә ЖЕКСЕНОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР:

Айлығымызды дұрыс бермейді. Міне осы жыл басталғалы 40 мың. 30 мың әрқалай аламыз. 58 мың нақты қолға алмаймыз. Бәріміз сол ақшаға қарап отырмыз. Қазір бәрі қымбат. Біреуіміздің 3 баламыз бар. Біреуіміздің 5 баламыз бар. Ол не болады? Мүгекдекке қарайсың, ішім-жемің бар, газың, светің бар. Төлейтін кредитің бар.

Ал, Эльмира Тұрарқызы бірінші топтағы мүгедек. Ол 24 сағат қасынан табылатын көмекшісінің мардымсыз жалақысын жергілікті шенділері үнемдеуге кіріскенін растады. Қазір өзінің қалтасынан көмекшісіне көмек көрсетіп отырғанын айтты.

Эльмира ТҰРАРҚЫЗЫ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:

Бірінші топтағы мүгедек болғандықтан, маған береді пенсияны. 62 мың аламын. Ал енді мына кісі көмекшім. Мен бұған жырып берем қалтамнан. Мына кісіде сондай жырып береді қалталарынан. Сосын бізге жетпей қалады. Продукты алуымыз керек. Ешжерде жұмыс істемейді көмекшілер. Тек қана мүгедектерге 24 сағат қарап отырады.

Осылайша, наразы топ жауапты мекемеден жалақы жайын түсіндіруді талап етті. Ашуға булыққандары да бар. Қор басшысы орнынан табылмағанымен, кеңсесіне жедел жетті. Ол барлық іс заң аясында жасалып жатқанын жеткізді. 

Талғат МАРКАМЕТОВ, ҚАЗАҚ СОҚЫРЛАР ҚОҒАМЫ ҚБ «ІЛЕ» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бізде барлығы заңды. Көмекшілерге атқарған жұмысы үшін сағатына 358 теңге 26 тиын төленеді. Күніне 8 сағатқа дейін қызмет жасай алады. Атқарған жұмыстарын есеп қағазға жазып бізге өткізеді. Соған сәйкес жалақы тағайындаймыз. Бұл айда бюджеттен бізге 13 млн теңге бөлінген. Ал қамқоршылардың есеп қағаздарындағы көрсеткіш 17 млнға бірақ шықты. Осы себептен жалақыны бөліп-бөліп берудеміз.

Бұл мәселемен аудан атқамінерлері де таныс болып шықты. Олар көп ұзамай қосымша қаржы бөлінетіндігін айтты.

Дәулет ОРМАН, ІЛЕ АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Не үшін жетпей қалғандығында мүгедектердің саны күннен-күнге өсіп жатыр. Жылдың басынан бері 22 адам қосылды жаңадан. Ал жылдың басында былтырғы прогнозбен отырғызады ақшаны. Сондықтан ол жылдың аяғына дейін жетпей қалады. Жетпей қалған 4 млнды айдың аяғына дейін жібереміз.

Жалпы Іле ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны төрт мыңнан асып жығылады. Соның бірінші топтағысы 282-ге жуықтайды. Яғни 282 көмекші оларды күтіп-бағады. 

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Көмекшілердің есеп-шотына қаржыны қоғамдық бірлестік аударуы тиіс. Аталған мекеме жалақы мәселесін шешу үшін облыстық мәслихаттан қосымша 90 млн теңге сұрапты. Депутаттар қарсылық білдірмеген. Демек жыл аяғына дейін жалақы толық берілуі тиіс.  

Ә. Лесбек