Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында 13 жыл бірге тұрған көпбалалы отбасының неке куәлігі жарамсыз болып қалған

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2020
  • 10259

Павлодар облысының Тереңкөл ауданында неке куәлігіне қатысты дау басылар емес. 2007-ші жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде көпбалалы отбасы - Базархандарды, жуырда жергілікті АХАТ бөлімі қайтадан некеге отырғызыпты. Өйткені 13 жыл бұрын ауылдың атқамінерлері берген құжат заңсыз деп танылған. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсіңнің" кебін киген ерлі-зайыпты, балаларыныңда құжаттарына алаңдайды.

Бақберді БАЗАРХАН, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол неке куәліктің ай, күні, барлығы менің қолымдағы 2007 жылы 8 желтоқсанда берілген куәлікпен сәйкес келмейді. Осы куәлікпен менің дүниеге келген балаларымның туу куәлігі берілген және де жылжымайтын мүліктерім барлығы жаңағы сатып алу келісім-шартында көрсетілген, номер. Енді мен не істеймін бұл куәлік жарамсыз.

Отағасы неке куәлігі ешқандай базада тіркелмегенін кездейсоқ білген. Колл-орталықтың бірінен қызмет алмақ болғанда, ондағылар өзінің некеде жоқ екенін айтып, "Айды аспаннан шығарған". Амалы таусылған әке аудан әкімдігін сотқа берді. Жақында сот құжатты қайта қалпына келтіріп беруге жергілікті атқамінерлерді міндеттепті. Тығырықтан оңай шыққысы келген болса керек, отағасын өзінің әйеліне жаңадан некеге отырғызыпты. 

Жеңісгүл САДЕТХАН, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өз жолдасыма тұрмысқа шығып тұрмын. Енді мен өз балаларымды әкесіз екенін дәлелдеп тұр да. Енді мен қосылғанда Бақбердіге 4 баламен қосылған болып санаймын, менің ойымша. Ол өгей әке болып саналады. Енді Бақберді оған қайтадан әкелік міндетін беру керек.

Балалардың тағдырына бізде алаңдадық. Мән-жайды білу үшін Тереңкөл ауданының АХАТ бөліміне бірге бардық. Электронды жүйеге жаңа құжат тіркелген, бірақ олардың балалары туралы мәлімет табылмады. Мамандар: "Бұл біздің кінәміз емес, бізге дейін кеткен қателік" - деп ақталды. 

Дулат ЫБЫРАЕВ, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ ЗАҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Неке қию туралы куәлік Федоровка ауылдық округінің аппаратында тіркелген. Олар құжаттың бәрін мұрағатқа тапсырған. Бірақ, цифрландыруға көшкен кезде ол неке туралы мәлімет тіркеу актісінде болмаған. Сол себепті ол электронды базаға кірмей қалған. Ал неге кірмей қалғанына біз жауап бере алмаймыз. Ол кезде басқа адамдар жұмыс істеді.


Аудан әкімдігіне де ат басын бұрдық. лайда, есіктен қарсы алғандар карантин екенін айтып ішке кіргізбеді. Әкімді жиналыста деген орынбасары бұл мәселеден хабарсыз болып шықты.

Раушан ЫБЫРАЕВА, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мен сіздерге толық жауап бере алмаймын. Өзіңіз түсініп, тұрсыз. Толық жауап бере алмаймын. Сондықтан ертең тағы да айтайын, не бүрсігүні сіздермен аппарат басшысы сөйлесіп және мамандар сіздерге толық жауап береді.

Ал заңгер АХАТ бөлімінің бұл ісі заңсыз екенін айтты. Өйткені олар сот шешімін бұлжытпай орындауға міндетті - дейді. 

Жанат БҮТІНБАЕВ, ЗАҢГЕР:

2007 жылғы некелерін анықтау керек болған, бұларға. Сол үшін бұл іс әрекетке өздері кінәлі болып тұр о бастан дұрыс тіркемей. Енді келіп тағы да свидетельство брака беріп тұр соттың шешіміне қарамай. Беріп тұрғаны бұлардың заңсыздық та, үлкен заңсыздық.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

13 жылдан кейін жарамсыз болып қалған неке куәліктің жыры жуырда бітпейтіні айдан анық. Шенділердің сөзіне сенуден қалған Базархан отбасы енді Жоғары сот пен Бас прокуратураға шағым түсіруге бекінді.

Ө. Қуанар