Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда 40 жыл бұрын ашылған Ботай қонысы инвестицияға жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2020
  • 6041

Тарихымыз - теңгеден тарлықты. Солтүстік өңірден осыдан 40 жыл бұрын табылған Ботай қонысы осы күнде қаржыдан қиналып отыр. Археологтардың мақсаты ұшан-теңіз еді. Ғалымдар Айыртау маңынан ашық аспан астындағы мұражай ашқысы келген.

Уәлихан ҚҰЛБАЕВ, БОТАЙ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Визит центр болады. Оның ішінде археологиялық музейден табылған артефактілер сонда көрсетілетін болады. Одан лаборатория болады. Ол жерде жылқыны қалай ұстаған, қымызын қалай жасағанын көрсетеміз деп отырмыз.

Бірақ бұл жоба әзірге қағаз бетінде қалатын сияқты. Бюрократиялық кедергілер аз емес. Мәдениет және спорт министрлігінің айтуынша, осы уақытта жерге қатысты құжаттар рәсімделіп жатыр. Бірақ жақында бітетін түрі жоқ деді.

Жанат СЕЙДАЛИЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ботайдың құрылысы қашан басталады дегенде... Реті бойынша бюджеттік өтінімді беру мерзімі 2021 жылдың басында жүргізіледі. Сол кезде біз оны техникалық-экономикалық негіздемеге бергеннің өзінде,жыл сайын әр нәрсеге сараптама жүргізу керек болады, жобалық сметалық құжаттаманы жасау керек болады, сонда 2-3 жылдың көлемінде деп айтатын шығармын.


Еске сала кетейін, Айыртаудан ашылған Ботай қонысы археология әлемінде нағыз сенсацияға айналған еді. Жабайы жылқы дәл осы өңірде осыдан 5 мың жыл бұрын үйретілгені дәлелденді. Табылған, 100 мыңға жуық Қамбар ата төлінің  сүйегі соның айғағы. Кейіннен бұл дәйекті палеозолог мамандар да растады.

Виктор ЗАЙБЕРТ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, АРХЕОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Жылқының тістерінің артқы сүйектері желінген болып шықты. Яғни оған жүген таққан. Сонымен қатар айғырларды кестіретін құралдар табылған. Бұл жаңалықты әлемнің барлық ғалымдары мойындады.

Ботай мәдениетін зерттеген ғалымдар бүкіл адамзат тарихына көзқарасын өзгерткені анық. Тас ғасыры туралы бұрын тарихшылары басқаша сөйлейтін еді. Бұл ғалымдар ашқан жаңалықтың басы ғана. Зерттеуді талап ететін әлі талай жәдігер бар. Оны қалың көрермен өз көзімен көріп біллетін еді. Алайда, ашық аспан астындағы мұражай жақын арада ашылмайтын болып тұр.

А. Құрманкин