Русский Сайттың толық нұсқасы

Қашықтан оқитын 185 мың баланың қажетті техникасы жоқ, - Асхат Аймағамбетов

  • AstanaTV
  • 04 тамыз 2020
  • 1914

185 мың баланың қашықтан оқуға техникалық мүмкіндігі жоқ. Білім және ғылым министрі бүгінгі Үкімет отырысында осындай мәлімдеме жасады. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, елде осы күнде 3 млннан астам оқушы бар. Бірақ оның бәрі техникалық жабдықталмаған. Бірінде ноутбук бар болса енді бірінде смартфон ғана.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

1 қыркүйекке дейін кем дегенде, 500 мың компьютер техникасы осы балаларға таратылатын болады. Оларды төртінші тоқсандағыдай балаларға мүлікті беру-тапсыру актілері арқылы таратамыз.

Озық технологияға жарымай отырған оқушылар ғана емес. Мұғалімдерде де сол жағдай. Елдегі 300 мыңға тарта ұстаздың 24 мыңында компьютер жоқ.
 
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:


Ұстаздардың 24 мыңында техникасы жоқ. Бұл мәслені мектептің техникасын беру арқылы шешеміз. Бұл көрсеткіш қазір 24 мың болса, бұған дейін 65 мың болатын. Сондықтан бұл мәселе бірте-бірте шешіліп жатыр.

Ноутбук пен смартфон былай тұрсын. Ғаламторға кіріп-шығудың өзі біздің елде оңай емес. Әсіресе ауылды жерлерде интернет өмірі "қатып" тұрады. Жылдамдықты арттыру үшін қосымша құрылғылар қажет екен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Бағдат Мусин бүгін Үкіметтен ақша сұрады.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Министрлікте радиожиілікті өлшейтін бар жоғы екі жылжымалы кешен бар. Ал, зерттеу-талдау жұмыстарын елдің барлық аймағында жүргізу керек. Интернет ең негізгі қажеттіліктердің біріне айналғандықтан, оның сапасын арттыруға қосымша қаржы бөлуді сұраймыз. Ол қаражатқа жылжымалы зерттеу кешендерін, автокөліктер сатып аламыз.

Министрлік ұсынысына сәйкес қашықтан оқудан бөлек 530 мың бала биыл кезекші сыныпта білім алу керек. Ал, эпидемиологиялық ахуалы жақсы елді мекендердегі 157 мың оқушы штатты режимде сабаққа баруы тиіс. Қалған балалар республикалық телеарналарды қарап сауатын ашады. Бұл сабақтар кейіннен интернетке жүктеледі. Яғни ғаламтор жылдамдығы түзелмей, балалар оқуы да оңалмасы анық.

Ә. Өмірзақ