Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаратауда балаларды бауырына басқан қамқоршыға қатысты тергеу басталды

  • AstanaTV
  • 07 тамыз 2020
  • 4163

Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы бала асырап алған Рихтер отбасына қытысты тергеу басталды. Оған әлеуметтік желідегі жазбалар себеп болған. "10 жастағы асыранды қысымға шыдамай, екінші қабаттағы үйінен секіріп, қашпақ болды" деген ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті.    

Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қылмыстық Кодекстің 141-бабының 1 -бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жағдайда басылымдарда көрсетілген барлық дәлелдер тексеріліп, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Келеңсіздік өткен жексенбіде Қаратауда болды. Данил есімді жеткіншек терезеден секіріп кетіп қалған. Артынша оны үй ішіндегілері іздеп, маңайдағы көршінің бақшасынан тапқан. Сол кезде аяғын жарақаттап алғанын көрген соң, ауруханаға жеткізген. Осыны айтқан әкесі желідегі жазбалардың барлығын жоққа шығарды. 
 
Валерий РИХТЕР, ӘКЕСІ:

Әлеуметтік желіде жарияланған жазбадағыдай біз жауыз адам емеспіз. Төбемізде Құдай көріп тұр ғой. Баланы екі тәулік бойы таба алмай, ол далада жатып қалды деген ақпарат та өтірік. Таңғы сағат 7-лерде таба алмай қалдық, түстен кейін шамамен сағат 4-терде тауып, ауруханаға жеткізілді. Осындай жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тарту үшін құзырлы органдарға жүгінемін.


Азат САТЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
 
Балаға жоғары мамандандырылған көмек қажет болды. Сол себепті балаға малоинвазивті операция дейді, орта жілік сүйегіне жасалынды. Ұршықтың мойын сынуына байланысты. Ота Аллаға шүкір сәтті өтті. Баланың қазір жағдайы орташа ауырлықта. Травматология ортопедия бөлімінде.

Білім басқармасындағылар берген дерекке сенсек, Рихтер отбасы 5 жыл бұрын Данилдің екі әпкесін қамқорлығына алыпты. 2018-ші жылы ғана олардың інісін әкелген. Дейтұрғанмен Данилдің сабақ үлгерімі мен тәртібіне бұған дейін ешқандай шағым болмады деп отыр. Дегенмен полиция тергеуді аяқталғанша Данил мен оның екі әпкесі арнайы орталыққа жіберілді. Енді балалар Рихтер әулетіне қайта орала ма, жоқ па оны сот шешетін болады.

Б. Жұмабайұлы