Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылы жарыққа жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2020
  • 4864

Нұр-Сұлтанның қасындағы Қосшыда жарық жиі сөнеді. Тұрғындардың айтуынша, электр қуатын «Академия жилья» серіктестігі себепсіз өшіріп тастайды. Әсіресе көп қабатты тұрғын үйлерде жарық болмаса, тіршілік тоқтайды. Халық базынасын айтып әкімдікке де талай барған. Бірақ қайыр болмағанына ашулы.

Дәулетхан Әбілұлы осы Қосшыдағы «Алтын орда парк» кешенінде тұрады. Ақсақалдың айтуынша, электр жарығының сөнуі соңғы айда жиілеп кеткен.

Дәулетхан ӘБІЛҰЛЫ, ҚОСШЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің қарызымыз жоқ. Ай сайын төлеп тұрамыз ақшасын. Ал кейбір үйлер тіпті эксплуатацияға берілмеген. Кім төлеп отыр, олардың светін өшірмеу керек ғой, кім қарыз соларды қисын барып.


Электр қуатын мұнда көбінесе жергілікті құрылыс компаниялары таратады. Олар, негізгі энергетикалық кәсіпорынмен осындай келісімге келген. Сондықтан тұрғындар айына қанша тұтынатынын да қанша төлейтінін де біле бермейді.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Көп қабатты үйлердің көбінің жағдайы осы. Электр сымдары үйдің қабырғаларында ілініп тұр. Тұрғындар бір аптада жарық бірнеше мәрте сөнетінін айтты. Салдарынан пештер мен техникалар істен шығады. Халық коммуналдық төлемдерді уақытылы төлесек те, жағдай жылда қайталанады деп отыр.

Жолымыз түсіп, мердігер кәсіпорын өкілімен кездестік. Алайда, «Академия жилья» серіктестігінің басшысы түрін көрсетуден бас тартты. Сөзіне сенсек серіктестік үйлерді «АРЭК-ЭНЕРГОСБЫТ» компаниясына өткізбепті. Энергетиктерге соңғы үш жылда бірнеше үй ғана ауысқан. "Қалған үйлер дайын емес" дейді кәсіпорын басшысы.  Ол тіпті халыққа қарайласып отырғанын айтты.

Арнай АҚСАҚБАЕВ, «АКАДЕМИЯ ЖИЛЬЯ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Мен қуатты 24 теңгеден төлеймін. Ал тұрғындарға тарифті 16 теңгеге дейін түсірдім. Қалғанын өзім қосып беремін. Ал жарықтың сөнуіне келсек, тұрғындардың қарызы көп. Сондықтан қиып тастауға тура келеді. Үйлерді «АРЭК-ЭНЕРГОСБЫТ» компаниясына тездетіп беруге тырысамын. Бірақ, нақты қашан өтетінін айта алмаймын.

Тұрғындар тұрақсыз қуатқа ғана емес баспананың сапасына да наразы. Салынғанына небәрі үш ақ жыл болған үйдің қабырғалары жарық. Көгеріп жатқан жерлері де бар. Ауыз су мәселесі де әлі күнге шешілмеген. Тұрғындар жылдарға жалғасқан мәселелерін шешетін шенді таба алар емес.

Ғ.Өтемісов