Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда борышкерлерге қарсы рейд жүргізілді

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2017
  • 2943

Оралдық жылу қуат мекемесі алдағы жылыту маусымында тағы да газдан қағылуы мүмкін. Өйткені жылу ақысын төлемеген борышкерлердің қарызы азаяр емес. Бүгінде бұл сома 380 миллион теңгеге жеткен. Амалы таусылған жылуберушілер сот орындаушылары, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, берешегі көп азаматтардың үйін аралап, қарызды қайтаруға кірісті. Еркін Карин сабақтайды.

Еркін Карин, тілші:

Күні бүгін төленбеген жылу ақысы үшін 500-ге тарта пәтер мен 54 автокөлікке арест қойылған. Енді бұл дүние-мүліктің иелері қарызын уақытылы төлемесе, үйін сатпақ түгілі, көлігін көшеге де айдап шыға алмайды. Ал әрқайсысы 30 мыңнан аса қарызы бар тағы 227 адамның шетелге шығуына тыйым салынған.

Әдетте мұндай рейдтік шаралар кешкі уақытта жүргізіледі. Өйткені жұмысбасты қалалықтар осы кезде ғана үйінде болады. Бірақ соның өзінде де қарызды қайтару оңай емес.

Тимур Ықсанғалиев, «Жайықжылуқуат» АҚ заңгері:

Үлкен кісілер есікті кілттеп алып ішінен, сырттан домофонды басқан кезде, үйде екенін білесің де: «Мені балалар үйге қамап кетті», - деп күлкілі сылтаулар айтады. Жағдайы жақсы адамдар да бар төлемейтін. Олар заңды жақсы біледі, конституциялық құқығын да жақсы біледі. Не себептен төлемейтіні түсініксіз.

Борышкерлерге тісі батпағасын жылуберушілер сот орындаушыларының көмегіне жүгінген. Енді зейнеткерлердің де зейнетақысының жартысы жылуға қарызы үшін ұсталады. Ал миллионға жуық қарызы бар кейбір борышкерлер қамауға алынуы мүмкін.

Мұрат Бәйменов, «Жайықжылуқуат» АҚ директоры:

Қазір тұрғындар «Жайықжылуқуат» мекемесіне ыстық су мен жылу ақысы үшін 380 миллион теңге қарыз. Жыл сайын жылыту маусымы кезінде халықтың қарызы 800-900 миллионға жететін. Бірақ биыл қарызды азайттық. Дегенмен, осының өзін қайтарып алудың өзі қиын болып отыр.

Еркін Карин, тілші:

Әзірге жылуберушілер қысқа тас-түйін дайынбыз деп көңіл жұбатып отыр. Бірақ жылыту маусымы басталғанша «Жайықжылқуаттың» тағы да газдан қағылуы мүмкін. Өйткені 180 миллион теңге қарызын қайтармайынша, газжеткізушілердің маза бермесі анық.

Еркін КАРИН