Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтар көрші елдермен салыстырғанда балықты 10 есе аз тұтынады

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2020
  • 3074

Біз көршілерден қарағанда, балықты 10 есеге аз тұтынады екенбіз. Мұны, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып отыр. Ведомства басшысының айтуынша, елде балық шаруашылығы дамып келеді, алайда қарқыны әлемдік бәсекелестермен салыстырғанда тым баяу. Өзен-көлге бай қазақ балықты неге аз жейді? Тақырыпты тілшіміз тарқатсын.

Қазақстанда балық экспортына қарағанда, импорты бір жарым есеге басым. Елімізде мыңнан астам балық шаруашылығы бар. Оның басым бөлігі Түркістан облысында шоғырланған. Қалған үлесі Алматы, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Бір жылда балықтың шамамен 66 мың тоннасы өндіріледі. Оның басым бөлігі өсірілмейді. Яғни, өзен-көлден ауланады. Бірақ соның тең жартысы шетелге экспортталады екен. Сөйте тұра тағы 45 мың тоннасын басқа елдерден әкеліп жүрміз. Десе де балық тұтыну деңгейі тым төмен.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 кг кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 кг келеді. Өз кезегінде көршілес Ресейде адам басына 23 кг, Қытайда 45 кг балық тұтынылады.

Шетелден балық көп келеді, дегенді Петропавлдағы ең ірі балық дүкеніні растайды. Сөреге қойылған өнімнің тең жартысы сырттан тасымалданады. Отандық өзен-көлдерден ауланатын балыққа сұраныс бар әрине. Бірақ жұрт теңіз деликатесіне көп көңіл аударады.

Ксения САУТНЕР, БАЛЫҚ ДҮКЕНІНІҢ ӘКІМШІСІ:

Бізде жүзден аса балық түрі бар. Оның тең жартысы Ресейден келеді. Импортталған балық қымбат әрине. Сондықтан кейбірі қолжетімді өнім іздейді. Негізі бізде, облыс ішіндегі өзен-көл балығымен бірге Балқаш пен Арал өнімі де сатылады.

Министрлік, отандық балық өндірісін өсіреміз деп жатқан шақта кейбір аймақтарда балық тонналап қырылып жатыр. Соңғы жайт осы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Күні бүгін ғана Тайынша ауданында 1,5 тонна мөңке балықтың босқа өлгені хабарланды. Неден қырылғаны белгісіз. Нақты себеп салдарын құзырлы органдар анықтап жатыр. Алдын ала болжамға сенсек, балық табиғи құбылыстан өліп қалған.

Марат ЕСІМСЕЙІТОВ, СҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шағлы-теңіз көлінің жалпы ауданы 7 мың гектардан асады. Күн тым ысып кетіп, көлдің ортасындағы ескі қамыс шірді. Ол, күкірт-сутегі газын бөлген. Біз ауаның сараптамасын жасадық. Газдың мөлшері қалыпты жағдайдан 4 есеге жоғары.

Ал, министрлік болса балықты табиғи өзен-көлден ауламай жасанды тоғандарда өсіру керек деген бастама көтерді. Осы салаға ведомства мейілінше қолдау көрсетпек. Заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілсе, болашақта субсидия бөлінуі мүмкін. Бұл, балық өндірісін 600 мың тоннаға арттырады деген сенім бар.

А.Құрманкин