Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Арал ауданындағы ең ірі көл тартылып барады

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2020
  • 5771

Арал өңіріндегі ең ірі көлдің картадан жоғалып кету қаупі төнді. Қамбаш көлінде күн өткен сайын су тартылып барады. Су жағалаудан 250 метрге қашықтап кеткен көлдің бүгінгі экологиялық ахуалы мәз емес. Мамандар дабыл қақты. Олар ондағы балықтарға алаңдаулы. 

Қамбаш көлі суы мөлдір, тұзы аз, туристерді тартуға сұранып тұрған аумақ болатын. Соған сай инфрақұрылымы жолға қойылып, жетіспе жуық кәсіпкер маусымдық жұмыстарын жүргізіп келген. Алайда былтыр күзден бері аймақтағы экологиялық ахуал қиындапты. 

Нұржау ДІЛМАҒАНБЕТОВ, ҚАМЫСТЫБАС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:


200-250 метрге дейін тартылып кетті. Бір зияны мынау экологиясы - бұның. Осы тұрғанда шаң көтеріліп, кешке қарай мысалы жел осы жағынан тұрған жағдайда елді-мекеннің ішінде жаман иіс пайда болады. Бұл, мына қопақ, мына көлдің сасыған иісі алып кетеді әлемді. Енді келешек бұған су құймаса, бұл жердің жағдайлары қиын болуы мүмкін.

Қамыстыбас көлінен жыл сайын бірнеше тонна су маржаны сүзіледі. Ол - осы маңдағы ірілі-ұсақты зауыттардың негізгі шикізаты болып отыр. Сондықтан көлдегі судың тартылуы балық шаруашылығын да ақсатуы мүмкін. Осыған алаңдаған мамандар мелеративтік жұмыстарды жүргізуді ұсынып отыр.  

Тынысбек БАРАҚБАЕВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫ АРАЛ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мүмкіндік болса, канал қазып су әкелу, ал ондай жағдайлар болмайтын болса құрқару шараларын ұйымдастыру. Ал егер ол жұмыстарды жүргізбейтін болсақ бұл су қойманың ластануына әкеліп соғады.  Үлкен қауіптерге әкелуі мүмкін, балық өліміне әкелуі мүмкін.

Қамбаш көліне негізінен су Сырдариядан келеді. Биыл аталған өзен де таязданып, жылдағыдан бірнеше есеге тартылған. Оған қоса сыр дихандарының күріш алқаптарын кеңейтуі де өз зардабын тигізіп жатқан сияқты.

Жұмахан НҰРСЕЙІТОВ, АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙІНІ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Судың аз болатыны былтыр желтоқсан айында белгілі болған. Сол кезде біз 78 500 гектардан асырмауымыз керек күрішті деп, сондай ұсыныс жасағанмыз. Оған қарамай биыл 90 мың гектардың үстінде күріш егілді. Бұлай кете беретін болса, Қамбаш көлінен де айырылып қалуымыз мүмкін. Мәселені шешу үшін түпкілікті күрішті азайтуымыз керек.

Осылайша, мамандар егін шаруашылығын әртараптандыруды ұсынып отыр.

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Сонда ғана туристік мекенді сақтап, оны әрі дамыта аламыз дейді. Тіпті экологиялық апаттың алдын алар едік деп болжайды. 


М.Қожахметова