Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда емханаларында әлі 301 науқас бар

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2020
  • 2396

Қытайлық індетті толықтай жеңбесек те беті қайта бастады. Соның бір айғағы, Елордадағы  №1 көпбейінді ауруханадан коронавируспен ауырған соңғы науқастың емделіп шығуы. Ол, инфекциялық стационарға тамыздың 4 күні түсіпті. Баян Сұбқанғұлова есімді келіншекке "Екіжақты вирустық пневмония" диагнозы қойлыпты. Короновирустық инфекцияға қатысты кейінгі тың ақпараттармен әріптесім Ғалымжан Өтемісов бөліседі.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Қалалық аурухана COVID-19 жұқтырған соңғы науқасты шығарып салды. Дәрігерлердің айтуынша, аурухана соңғы екі айда 3,5 мыңннан астам науқасты қабылдаған. Ақ халаттылар індеттің екінші толқынына да сақадай сай тұрмыз деп отыр.

Баян Сұбқанғұлова карантин ережелерін толықтай сақтап, медициналық бетпердені шешпей жүрген көп астаналықтың бірі. Алайда, 53 жасар келіншекті қытайлық індет айналып өтпепті. Басында Баян үйде емделген. Жағдай жақсармаған соң дәрігерлер көмегіне жүгініпті. Ауруханада ол екі апта ем қабылдады.

Баян СҰБҚАНҒҰЛОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің. Індет жұқтырғанымды білгенде қатты уайымдадым. Бірақ, дәрігерлер көмегін аямады. Қажетті емді дер кезінде көрсетті. Сондықтан қазір сап-саумын. Енді өмірдің қаншалықты қымбат екенін жете түсінгендеймін. Барлық науқастардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.


Енді көпбейінді аурухана штаттық жұмыс режиміне көшті. Карантин кезінде мұнда 400 ақ халатты жатпай-тұрмай жұмыс істеген. Алайда, дәрігер тапшылығы болмады. Өкпеге жасанды тыныс беретін апаратта жетті.

Марат ӘБДУОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. №1 КӨПСАЛАЛЫ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бізге жүктелген жүк өте ауыр болды. Барлығы жұдырықтай жұмылған ұжым бола білді. Бүгіннен бастап штаттық режимге көштік. Коронавирус инфекциясының екінші толқыны бола қалған жағдайда, инфекциялық режимде жұмыс істеуге дайынбыз деп ойлаймын.

Деседе, эпидемиологиялық ахуал толықтай тұрақталды деуге әлі ерте. Қазіргі ахуал бойынша бас шаһарда 301 науқас станционарда ем қабылдап жатыр. Ал, елде коронавирус жұқтырғандар 103 мыңнан асты. 85 мыңға жуық науқас ауруынан айықса, қаза тапқандар 1,5 мыңға жуықтады.  

Ғ.Өтемісов