Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында оқушылар тозығы жеткен мектепте оқып жатыр

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2017
  • 3324

Қарағанды облысының Қызылжар ауылында оқушылар тозығы жеткен мектепте оқуға мәжбүр. Осыдан екі жыл бұрын тасқын су басқан білім ошағының қабырғалары шіріп, едендері мен төбелері опырылып түскен. Соған қарамастан, қауіпті ғимаратта бастауыш мектептің 73 оқушысы білім алып жатыр. Ата-аналар балалардың аурушаң болып кеткенін айтып, дабыл қаққанмен, жағдай түзелер емес.

Жанбота Мағлұм, Бұқар Жырау ауданы Қызылжар ауылы Киров орта мектебінің медбикесі:

Мектепте ешқандай жағдай жасалмаған. Қазір күннің суықтығын көріп тұрсыздар, ешқандай жылу жұмыстары да жоқ бізде. Кабинеттеріміз өте суық. Балалар өте жиі ауырады, жөтеліп, суықтап. Көптеген оқушыларымыз ауырып жатыр.

Бұл мәселені шілде айында көтерген едік. Сол кезде Қызылжар ауылының әкімі Асқар Отыншиев мектепті күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат жасалып, бір жарым айда мемлекеттік сараптамадан өтетінін айтқан. Өкінішке орай, құны 112 млн теңгелік жобаның қашан іске асатынын ешкім білмейді. Ұстаздар мен ата-аналардың айтуынша, тасқынның салдарынан апатқа ұшыраған мектепті қалпына келтіруге қаржы жетпей қалған. Ағымдағы жөндеуге де еш қаражат бөлінбеген. Күте-күте шаршаған тұрғындар биыл жоғарғы сыныптың 67 оқушысын 7-8 шақырым қашықтағы Жаңаталап ауылына автобуспен апарып оқытуға мәжбүр. Ал, бастауыш сыныптағылар апатты ғимаратта қалған. Мектеп ұжымы әлі де еден мен төбенің шұрықтарын өздері жамап күнелтіп отыр.

Әйгерім Маханова, Бұқар Жырау ауданы Қызылжар ауылының тұрғыны:

Бізде ешбір алға жылжу жоқ. Балалар басқа ауылға барып оқу деген не сұмдық? Боранда не болады? Құрғақ уәдеден не пайда?

Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің бастығы Әсет Ахметов біздің арнаның аймақтағы тілшілеріне телефон арқылы алдағы қараша айында мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Ал, бастауыш сынып оқушылары оқитын сыныптарды мамандар күн сайын бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Әсет Ахметов, Бұқар Жырау аудандық білім бөлімінің бастығы:

Бастауыш мектептің балалары оқып жатқан сыныптар өте қатты бұзылмаған. Сондықтан олар уақытша оқи тұрады. Қараша айында жөндеу жұмыстары басталса, келесі жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады. Сол кезде барлық оқушылар осы мектепке кіреді.