Қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан коронавирусқа қарсы вакцинаның құрамында, токсиндердің жоқ екені дәлелденді. Бұл туралы ұлттық сараптама орталығы хабарлайды. Ғылыми зерттеу институты шығарған дәріні орталық мамандары жануарларға сынап көрген. Екпе тышқан, егеуқұйрық, теңіз шошқасына салыныпты. Мамандар кері әсері болмағанын, аллергиялық реакция немесе дененің тітіркенуі де байқалмағанын айтты. Енді вакцинаны ынта білдірген ерікті адамдарға сыналмақ. Оның қорытындысы бір-екі айдан кейін белгілі болуы мүмкін, дейді сараптама орталығы.
Валентина ШНАУКШТА, ҰЛТТЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫ ФАРМОКОЛОГИЯЛЫҚ СЫНАУ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Зерттеу жұмыстарына 220 жануар қатысты. Бірнеше аптаның барысында біз олардың сыртқы және ішкі мүшелерінің әсерін байқадық. Бұдан бөлек қанның гематологиялық және биохимиялық сараптамаларын жүргіздік. Ешқандай кері реакциялар байқалмады. Енді келесі кезеңде вакцинаны адамдарға салуға болады. Бұл жұмыспен басқа зертхана айналысады.
Адамдарға сыналған вакцинаның қорытындысын екі айдай күту қажет болатынын да ескертті. Отандық ғалымдар екпені жасауға бір жарым ай уақыт жұмсаған. Айта кету керек, өткен тәулікте Covid-19 індетін 271 адам жұқтырған. Сөйтіп, ел бойынша коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 103 мыңнан асты. Оның 86 мыңы дерттен айығып шыққан.
А. Құрманкин