Русский Сайттың толық нұсқасы

Біз азық-түлікті қымбатқа алып жүрміз бе?

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2020
  • 2674
Біз азық-түлікті тым қымбатқа алып жүр екенбіз. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне сенсек, тамақ бағасын 45 пайызға арзандатуға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін әуелі, сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастырып, фермерлер мен сатып алушыларды және делдалдар мен ритейлерді бірыңғай кластерге біріктіру керек екен. Министрдің айтқаны қаншалықты өміршең? "Astana Times" тілшілері бүгін оңтүстік пен солтүстктегі базарларды аралады. Саудагерлерді әңгімеге тартып шаруалармен сөйлесті. Абзал Құрманкин мен Айзада Төребекқызына сөз тізгінін беремін.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Алдымыздағы жылдары Қазақстандағы сауда-саттық саласы жаңа деңгейге шықпақ. Бүгін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тікелей эфирде халыққа есеп беру барысында бұл салаға реформа енгізетін алты негізгі міндетті жариялады.

Оның басым бөлігі аталған саланы дамыту жөніндегі стратегияны қамтыды. Бірақ төртінші міндет нақты шараларды меңзейтін көрінеді. Құзырлы орган 2022 жылға дейін өңірлерде 24 көтерме-үлестіру орталықтарын ашпақ. Ірі кешеннің негізгі мақсаты – тауарөндіруші мен сатып алушының арасында тікелей байланыс орнату. Нәтижесінде, өнім бағасы 45 пайызға дейін түсуі тиіс.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:


Шаруа, тасымалдаушы, делдал мен ритейлер бір жүйеге біріктіріледі. Көтерме-үлестіру орталықтары тауар өндірушіден сатып алушыға дейін жолды үйлестіріп, өнімді сақтау жұмысын қолға алады. Соның арқасында шаруашылықтар өз шығынын мейілінше азайтады. Егер бұл жүйе ойдағыдай жұмыс істеп кетсе, онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шамамен 45 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Тұтынушылар сонда бір жылда 60 миллиард теңгеге дейін қаражат үнемдейді.


Бірақ теріскейлік шаруашалар бұл бастаманы суық қабылдады. Тауарөндірушілер қазіргі жүйенің әбден қалыптасып қалғанын айтады. Яғни, қатып қалған қағида бір-екі жылда жібиді дегенге сену қиын. Жаңадан бой көтеретін көтерме-үлестіру орталықтарының кесірінен қаражат желге ұшады деп есептейді олар.

Евгений МЕЛЬНИЧУК, КАРТОП ӨСІРУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Бүгінде тауарды шаруашылықтардан тұтынушыға дейін делдалдар жеткізіп отыр. Олар да бәсекелестік ортада жүрген соң өнім бағасын қатты көтере алмайды. Мәселен, бізден картопты қазір 70 теңгеден алып отыр. Ертең оны Нұр-Сұлтанға апарып, әрі кетсе 85 теңгеден сатар. Сол он бес теңгемен олар бүкіл шығынын жабады. Үкімет жаңа көтерме үлестіру орталықтарын ашамыз дейді. Біз тауарды онда апармаймыз. Ескі әдіспен жұмыс істеген ыңғайлы.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарлық шаруалар көкөністің барлық түрлерін өздері өсіргенімен, жаздың бастапқы кезеңінде аталған өніммен солтүстік өңірді күнгейліктер қамтып отырады. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға тиесілі баға саясаты жайында менің Шымкенттегі әріптесім айтпақ. Айзада, сауда нарығының ойыншылары министрліктің бастамасын қалай қабылдады?

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қайырлы кеш, Абзал! Азық-түлік бағасын арзандату туралы ұсыныс шымкенттіктерді де елеңдетіп қойды. Бірі қуанғанымен, кейбірі күмәнмен қарап отыр. Себебі, көрші облыстар мен жақын жатқан мемлекеттерді көкөніспен қамтып отырған өңірдің өзінде баға анау айтқан арзан емес.

Бау-бақша дақылдарының нағыз піскен шағында тұрғындар қыстың қамына кірісіп кеткен. Бірақ бағасы өспесе түспей отыр. Халық пікірі осы. Айтса айтқандай. Базарларда қазір жергілікті қызанақтың келісі -150-200 теңгеден, қияр -200 теңге. Ал солтүстік облыстардан әкелінетін картоп пен сәбіз -130-150 теңгенің шамасында. 

БЛИЦ:
 
- Жағдайы жоқтарға, көпбалалыларға мүлдем қиын. Сол үшін продуктіні аз-аздан алып тұрамыз келіп. Азандатса барлығына жақсы. Халыққа да жақсы, бізге де бәріне.  

- Арзандап жатса әрине қуанамыз. Егер ол рас болса, мен солай айтам, жасыратын түгі жоқ. Күйеуімнің айлығы, менің айлығым бәрі продуктіге кетеді қазір. Өткен айда дәріге кетті. Енді жайлап продуктіге кетіп жатыр, бала бар, немере бар.


Карантин қысып үйде отырып қалған кейбір саудагерлер министр бастамасына оң қарайды. Кластерлік сауда жағдайды жақсартады, деген сенім бар.

Умида ИБАТОВА, САТУШЫ:

Бұрын 3-4 коробка алатындар қазір 2-3 келі алады. Министрлігіміз 45 процентке азайтса жақсы ғой бізге, алушылар да көбейеді.

Алайда, бағаның бақылауда болуы көп саудагерге жақпайды. Әсіресе мал өсіріп, ет сатып отырған шаруалар күмәнді. "Бұл бізді шығынға батырады," дейді фермерлер.

Қатшагүл ЛЕСБАЙҚЫЗЫ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Бұл жақтағы шаруаның келіп жағдайын көрсін, қалай бағылып жатқанын көрсін малдың. Қалай жем-шөп дайындап жатқанын көрсін. Сонан кейін барып өздері келісетін шығар. Бірақ ешкімге де ешнәрсе оңай тиіп жатқан жоқ. Мал баққан адамда мысалы өзінің жағдай жасап, ақшасын көбейтіп алғысы келеді бала-шағасын асырау үшін. Жем қыбаттап жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазанынан ет түспейтіндер азаймаса көбеймегені анық. Кейбір отбасылар тіпті сүйек-саяқты асып күнелтіп отырғанын жасырмайды. Яғни, министр айтқандай баға 45 пайызға арзандап жатса оған сатушыдан бұрын қара халық қуанатын сияқты.

А. Төребекқызы, А. Құрманкин