Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында бүтін бір ауылдың балалары көрші облысқа барып оқып жүр

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2020
  • 3637

Естімеген елде көп. Павлодар облысында бүтін бір ауылдың балалары, мектептің жоқтығынан Қарағанды облысында білім алуға мәжбүр. Мұрынтал ауылындағы бастауыш сыныптарға арналған мектеп 2005-ші жылы ғана салынған. Қазір қаңырап бос тұр. Ал ауыл балалары басқа облысқа уақытша тіркеліп, білім алып келген. Мәселенің мәнісін әріптесім Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

Бұл - Баянауыл ауданына қарасты Мұрынтал ауылы. Елді-мекенде 70-ге тарта тұрғын бар. 5 жастағы Әнуар биыл 1-сыныпқа баруы керек. Бірақ, ауылда мектеп жоқ, жабылып қалған. Сондықтан оны ата-анасы Қарағанды облысына апарып оқытуға мәжбүр. Әнуардың өзі болса, қалаға барып оқимын деп мәз. 

Биылдан бастап Балықбаевтар 4 баласын Қарағанды қаласының өзінде оқытпақ. Өйткені, қыста ауылдардың арасында жол қатынасы қиындайды. Жалпы мұрынталдықтар аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта жатыр. Тұрғындардың көбі балаларын ауданға жібергеннен гөрі, көрші тұрған Қарағанды облысының ауылдарына оқытқанды жөн санайды. Өйткені, шекарада орналасқан елді-мекендердің арасы 25 шақырым. 

Үйсін ӘЖІБАЕВ, МҰРЫНТАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді осы ауылда дым қалмады бәрін жауып тастады. Ал енді мына көршілес Қарағанды облысының осындай шағын ауылдары бар. Оларда осы бір-екі жыл болды. Мына жерде Шалқар деген ауылында шағын мәдениет үйінің өзі ремонттап тұрып, штат ашып сөйтіп қойды Шалқарда мына міне жерде.


Аудан әкімінің орынбасары бастауыш мектептің 2005-ші жылы ашылғанын айтты. Бірақ 3 жыл бұрын 6 бала ғана қалғандықтан, жауып тастапты. Орнына оңалту орталығын ашпақ болған. Алайда, қиырдағы ауылдан мүгедек балаларға орталық ашу тиімсіз – деп, іс басталмай жатып тоқтағанын мойындайды. Енді қайта мектеп ашу сараптамадан соң ғана белгілі болады деді.

Анар БӘДЕНОВА, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сараптама жасаймыз. Балалар саны, халық саны қанша екен ол жерде. Жалпы енді жылдарға бірінші сыныпқа баратын, екінші сыныпқа баратын, үшінші, төртінші сынып жалпы бастауыш сыныпқа баратын балалар ол үзілмеуі керек. Жылда көтерілу керек.

Аудандық білім бөлімінің басшысы бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Ол жуырда ғана тағайындалғанын желеу етті. Сондықтан орынбасарына сілтеді.
 
Мереке ӘБДІКӘРІМОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауылда 6 бала болғанмен ол жердің балалары мектепке барған жоқ. Просто проживающие, сол ауылда тұратын тұрғылықты балалардың саны болды. Бірақ әрқайсысы Павлодардың білікті мектебінде, ауылдық орталықтың   мектебінде оқып жатты. Мектепке практический келген жоқ.


Мұрынтал ауылына мектепте 8 оқу кабинеті, спорт залы, кітапханасы, тіпті ғимаратта орналасқан жылы дәретханасы да бар. Өкініштісі оқу ордасы қазір қаңырап бос тұр. 

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Ал жергілікті шенділердің  оны қайта ашуға құлқы да жоқ секілді. Елді-мекенде  жалпы саны қазір 15-ке оқушы бар. 

Ө. Қуанар