Русский Сайттың толық нұсқасы

Бас бостандығынан айырылған 34 адам жеке кәсіпкер атанып, 200 шақты жазасын өтеушіге жұмыс беріп отыр

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2017
  • 2508

Еліміздің түрмелерінде бас бостандығынан айырылған 34 адам жеке кәсіпкер атанып, 200 шақты жазасын өтеушіге жұмыс беріп отыр. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты. Тағы 20 шақты адам өзінің қолөнерін пайдаланып, киім, аяқ киім тігіп, кәдесыйлар жасап, напақа табады. Қалғандары ауыл шаруашылығына қажетті құрылғылар мен макарон өндіреді, - деді министр. Түрме ішінде кәсібін ашқан сотталушылар темір тордағыларға жұмыс беріп қана қоймай, 30 мыңнан 65 мың теңгеге дейін жалақы төлейді. Министр сонымен қатар, пробациялық бақылауда жүргендерге тағылатын электронды білезіктерді Алматы облысында салынған арнайы зауыттан жалға алатындарын жеткізді. Ол келер жылдан бастап алты мыңдай жазасын өтеушіге тағылады.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Білезіктерге біз ақша шығарған жоқпыз. Ол мемлекеттік жеке серіктестік негізінде. Қазір инвестор сол білезіктерді шығаратын зауыт салып, өз қаржысын құйып жатыр. Біз оларды пайдаланамыз. Яғни бір білезікті қолданғанымыз үшін жылына 34 мың теңге төлейміз.

Ал мемлекеттік жеке серіктестік негізінде түрмелер салынбайтын болды. Үкімет бұдан бас тартқан. Бюджетке 20 миллиард теңгеден астам салмақ түсетін көрінеді. "Одан да ескі түрмелерді жөндеп, жаңартқан қазынаға жеңілдеу", - деді бас полицей. Ол кезде көп болса, 9-10 млрд теңге шығындалмақ екен.