Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда еріктілер мен науқас қыздың анасы қомақты қаражат үшін соттасып жатыр

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2017
  • 3893

Алматыда қайырымдылық үшін жиналған қаражат дауға ұласты. «Қайырымды жандар» деп аталатын еріктілер тобы науқас баласы бар Ақмарал Жақсылықова 12 миллион теңге жинап берген. Алайда, екі бүйрегі істен шыққан қыздың анасы ақшаның қайда кеткені туралы есеп бермепті. Ал науқас балаға операция тегін жасалыпты. Ақша дауы сотқа жетті. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлы жалғастырады.

Бүгін бір топ жас Алматы қалалық сотының алдына тағы да жиналды. Белсенді жастар  осыдан бір жыл бұрын қайырымдылық мақсатқа деп жинаған қаражаттарын қайтара алмай жүргендерін айтады. Бүгін апелляциялық шағым бойынша қаралып жатқан сот процесі ұзаққа созылмады. Қалалық сот операцияға деп жиналған 12 млн теңгенің 10 миллионын «Қайырымды жандар» еріктілер тобына қайтарып беруге шешім шығарды. 

Ақмарал Жақсылвқованың түсірген апелляциялық талап-арызы қанағаттандырылмасын. 

Бұл даудың басы былтыр күзде басталған. Алматылық Ақмарал Жақсылықова, 8 жастағы қызының екі бүйрегін ауыстыру үшін, Израильде ота жасатуды ойлайды. Әйел әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұраған. Сол аралықта «Қайырымды жандар» атты еріктілер тобы науқас қыздың еміне қаражат жинап беруге келіседі. Белсенді жастар бір айдың ішінде республиканың әр түкпірінен ірі көлемде қаржы жинап берген.

Жанна Шапатова, еріктілердің қорғаушысы:

Алты млн теңгені бізге қайтарса, бізге емес, ауырып жатқан баланың атына аударса, Мәулен Алғазының атына да емес. Донордан және осы топ белсендісі Мәуленнен кешірім сұраса, біз медиаторлық келісімге дайын болдық.

Еріктілер ең құрығанда қаражаттың жартысын қайтаруды сұраған. Оның үстіне жоғарыда жиналған қаржы 8 жасар қыздың бүйрегін алмастыруға жұмсалмаған деп есептейді.  Сызғанов атындағы хирургиялық орталық мамандары сотта қыздың бір бүйрегін алмастыру операциясының тегін жасалғанын айтыпты. Ал донор ретінде Жанелдің Шымкентте тұратын туысқан ағасы Бақтияр Жылқыбаев бір бүйрегін берген.

Бақтияр Жылқыбаев, донор:

Ақша туралы әңгіме болған жоқ. Қарындасым қиын жағдайда диалезге жатып қалды. Срочно донор керек деген соң, мен келістім. Жеңгем сол ақша жиналып тұр, донор табылып қалар десе, риза болар едім. Ол, керісінше, жылады ғой, операцияға ақша жоқ деп. Операцияға 1 млн керек екен, ол да жоқ деді.  

Ал үлкендер қаржы мәселесімен соттасып жүргенде, кішкентай Жанел әлі сырқатынан толық айықпаған. Операциядан кейінгі оңалту процедураларына көп уақыт пен қаражат кетіп жатыр, дейді анасы. Алдағы уақытта отбасы мүшелері қыздың екінші бүйрегіне күрделі ота жасатуға қамданбақшы.

Ақмарал Жақсылықова, науқас баланың анасы:

Ол менің қызымның диагнозы қойылып, еміне деп жиналған ақша. Ары қарай да еміне жұмсалады десем, қайтар деп соттасып жүр. Халыққа шыққан едім, қайыр садақаны халық қайтып сұрап жатқан жоқ болар. Мәулен сұрап жатыр, сотқа беріп. Қызым әлі де емделуі керек.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Демек, Ақмарал Жақсылықова қаражатты толық жұмсамаған. Ол біразын қызының ем-домы үшін төлепті. Алайда, оны дәлелдейтін ешбір қағазы жоқ. Сондықтан сот шешімі бойынша науқас баланың анасы жақын күндері 10 млн теңгені еріктілерге қайтарып беруі тиіс.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ