Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда 81 жастағы қарияны өлтіргендер әлі табылмады

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2020
  • 3356

Оралда 81 жастағы қарияны аяусыз соққыға жығып, қорлап өлтірген қандықол қылмыскер әлі табылған жоқ. Облыстық полиция департаменті қала іргесіндегі саяжайда болған қынды қылмысқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Қазір оқиға куәгерлері іздестіріліп, көршілері сұрастырылуда. Тілшіміз жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Көршілерінің айтуынша, 81 жастағы қария өмірінің соңғы күндерін осында өткізген. Ешкіммен араласпай, жаз бойы бау-бақшасын баптап, біртоға ғұмыр кешкен.

Көршілері қарияны қайғылы оқиға болған күні көргенін айтады. Кешкісін жалғызбасты жанға тамақ апарғанда ғана үйінен қанға боялған денесін тауыпты. Бірақ көңілге күдік ұялатарлық ештемені байқамаған.

Лидия КИРИЛЛИЧЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Байғұстың ешкімге зияны жоқ еді. Ешкімге дауыс көтеріп, ұрысқанын көрген емеспіз. Мінезі жайлы, жақсы көршіміз еді. Оның мұндай қорлықпен көз жұмғанына сенер-сенбесімізді білмей отырмыз.

Облыстық полиция департаменті қарияның аяусыз соққыға жығылғанын растады. Қанды қылмыс қыркүйектің 4-і болған. Қазір күдіктіні ұстау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Болатбек БЕЛГІБЕКОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

«Автодорожник-1» саябағының аумағында 1939-жылы туған үлкен ер азаматтың денесі табылды. Яғни оны сырттай қарау кезінде оның зорлық белгілері бар. Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта барлық жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Марқұмның денесі сот-дәрігерлік сараптама жасауға жіберілген. Ал саяжай қоғамының төрағасының айтуынша мұндай қайғылы жағдай бұрын-соңды болмаған.

Е. Карин