Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде бірнеше лауазымды тұлға "пара алды", деген күдікке ілінді

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2020
  • 2538

Тобыл өңірінде бірнеше шенеунік "пара алды" деген күдікке ілінді. Арасында Қостанай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары да бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті деректеріне қарағанда, қызметін асыра пайдаланған атқамінерлер, серіктестік басшысын заңсыздыққа итермелеп, қомақты қаражат жымқырмақ болған. Олар, Заречный кентіне газ құбырын орнатуға арналған қаржыдан 10 млн теңге қаражат аудартыпты. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Әзірге нақты қай шенеуніктердің шалыс басқаны белгісіз. Ал, Қостанай аудандық әкімдігінің аппарат басшысы ақпарат беруден бас тартты.  

Рүстем БОЛАТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Тергеу жұмыстары қазіргі таңда жалғасуда. Аталған лауазымдық тұлғаларға қатысты кінәнің дәрежесін анықтау шешімі сотпен қабылданатын болады.

Еске салайық, осыдан бір ай бұрын ғана Қостанай қаласы әкімдігінің бірнеше қызметкеріне қатысты іс қозғалған еді. Шаһар шенеуніктері де қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Атқамінерлер дүкен құрылысы мен ғимараттың сәулет-жоспарлау жобасына рұқсат беру үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерткен. Қарамағындағы қызметкерлердің айыбы сотта дәлелденсе онда қала әкімі Қайрат Ахметов қызметінен кетуі мүмкін.

З. Санай