Русский Сайттың толық нұсқасы

Германия парламентіне соғыстан кейін алғаш рет «ұлтшылдар» келді

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2017
  • 6102

Неміс бундестагын тағы да ұлтшылдар жайлай бастады. Жексенбі күні өткен сайлау қорытындысы бойынша олар 12 пайыздан астам дауыс жинаған. Осылайша, 1949-шы жылдан бері келе жатқан саяси жүйе түбегейлі өзгеруі мүмкін. Осы уақытқа дейін елдің саяси күші болып келген Христиан-демократиялық-социалистік одағымен Германияның социал-демократиялық партиясының нәтижесі көңіл көншітпеген. Сайлауда христиан-демократиялық одағына қарағанда біраз оңшыл көзқарастағы партия өтті. Өзгеріссіз қалғаны - Ангела Меркель ғана. Енді елде үш партиялы үкімет құрылуы мүмкін. Ұлтшылдық ұранымен танылған Гауланд: «Енді ісім Меркельмен болады», -  деп отыр.

Александер Гауланд, «Германия үшін балама» партиясының жетекшісі:

Біз сайлау нәтижесі бойынша парламентте өз орынымыз бар екенін дәлелдеген сияқтымыз. Биліктегі орынымыз қандай болса да, дайындалуымыз керек. Біз Меркельдің өзін нысанаға алып отырмыз. Әуелі Меркельден бастап, кейін біздің халыққа тиесілінің бәрін өзіне қайтарамыз.

Неміс орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Меркель бастаған Христиан-демократиялық-социалистік партия альянсы 33%-бен көш бастаған. Бұл 1949 жылдан бергі ең нашар нәтиже. Ал Мартин Шульцтің Германия Социал-демократиялық партиясы 20,5% жинады. Бундестаг сайлауы тарихында бұл да өте төмен көрсеткіш болып отыр. Оңшыл «Германия үшін балама» партиясы 12,6%-бен алғаш рет парламентке өтіп, 94 орынмен бундестагтағы үшінші күшке айналды. Либералды азат демократиялық партиясы (ЕДП) 10,7% «Солшылдар» - 9,2% және «Жасылдар» - 8,9% дауыс жинады. Сайлау қорытындысы Меркельді де бейжай қалдырмаған тәрізді.

Ангела Меркель, Германия  канцлері:

Біз, расын айтқанда, нәтиже әлдеқайда жақсы болады деп күткенбіз. Ал жаңа партияның қатарға қосылуы біз үшін үлкен сынақ болайын деп тұрғаны рас. Біз терең анализ жүргізіп, басқа партияға дауыс бергендердің сенімін қайтарып алуға тырысатын боламыз.