Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұздатқышқа салынған шақалақты тергеуші сараптамаға кешіктіріп жіберген

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2020
  • 5467

Атырауда мұздатқыштан табылған шақалақты, тергеуші сараптамаға кешіктіріп жіберген. Аты шулы іс бойынша басты айыпталушы сотта осыны айтып, оның себебін сұрады. Отырысқа қатысқан әріптесім, тергеушілерден жауап алынып жатқанын жеткізді. Сот залынан Базаргүл Нәдірқызы толықтырады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Естіген елдің жағасын ұстатқан қылмыстық істі қарап жатқан сот процессі, карантин жеңілдетілгелі офлайнға көшкен. Басты айыпталушы перенаталдық орталықтың бұрыңғы бас дәрігері.


Ол бүгін де әдеттегідей белсенді. Куәгер ретінде шақыртылған тергеушіні сұрақтың астына алды. Шақалақтың мәйітін анықтаған соң, неліктен оны бірден арнайы сараптамаға жібермегенін сұрады.  

Қуаныш НЫСАНБАЕВ, АЙЫПТАЛУШЫ:

Заң бойынша, ол бала сот-дәрігерлік сараптамаға кету керек. Бірақ сіздер баланың мүрдесін 5 сағат бойы роддомда ұстайсыздар. Потологиялық- анатомиялық заңында жазылған, 24 сағаттың ішінде зерттеліп біту керек, өйткені ол қорытындыларына әсер етеді.

Айыпталушы, нәрестенің денесін Орал қаласына тасымалдау тәртібі де дұрыс орындалмады деді. Тергеуші болса, тасымалдау тәртібін егжей-тегжей білмесе де, сәби денесін салқын күйінде жеткізуге тырысқанын айтты.
 
Айбек УАНДЫҚОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ СЖҚІҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ, КУӘГЕР:

Егер мен қандай температурада сақталу керектігін білмесем, мен бір нәрсені бұздым деген сөз емес. Мен нәрестенің бойына лайықты ыдыс іздедім. «Баланың денесі бүктетіліп жатпасын»,- деп. Сосын оны тапқан соң, жанжағына соғылмасын деп жаялықпен орадық. Мүрде сақталсын деп контейнер айналасына мұз қойдық. Мен қарапайым талаптарды орындадым.
 
Алайда бұл жауап сотталушылар мен олардың адвокаттарын қанағаттандырмады. Айтуларынша, алдымен, Атыраудағы сот - сараптамалық орталыққа жібергенде уақыт жоғалтпас еді. Еске салайын, бұл жағдай былтыр қыркүйекте жалпақ жұртқа жария болды. Перзентхана дәрігерлері тірі шақалақты, мұздатқышқа салды деген күдікке ілікті. Айыпталушы орындығында бұрыңғы бас дәрігерден бөлек, оның қарамағында жұмыс істеген 3 қызметкері бар. Олар сотқа тергеу абақтысынан жеткізілді.

Тағы бір айыпталушы үйінен онлайн қатысты. Қапыда қалған шақалақтың ата-анасыда сотқа қатысып жатыр. Бірақ қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Аты шулы іске 162 куәгер шақыртылмақ. Жалпы қылмыстық іс 45 томнан тұрады.

Б. Надирқызы