Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының шенеуніктері аса ірі пара алды деген күдікке ілікті

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2020
  • 3299

182 миллион теңге. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасы басшысы Тимур Басаров ірі көлемде пара алды деген күдікке іліккен. Әлеуметтік желіні шулатқан бұл ақпаратты Нұрлан Таубаевтың адвокаты растады. Оның айтуынша Қылмыстық Кодекстің 366 бабы 4 бөлігімен іс қозғалған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев кеше түске дейін жұмысында болған. Түскі асқа үйіне кеткеннен қайта оралмапты. Аймақтың құрылыс басқармасы басшысы Тимур Басаровта жұмыста жоқ.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы осыны айтты.

Ержан ТӨЛЕК, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Нұрлан Таубаев кеше, яғни 10 қыркүйек күні түске дейін ғана жұмыста болды. өйткені Түркістанға бару керек болатын .соған байланысты дайындалу үшін үйіне кеткен. Сонымен қатар құрылыс басқармасы басшысы ол да түске дейін жұмыста болған.

Екі шенеуніктің қамалғаны туралы жергілікті басылымдар жарыса жазып жатыр. Бірақ ресми орындар үнсіз. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметкерлері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Нұрсұлтандағы агенттік болса, атыраулық шенділердің күдікке іліккенін жоққа шығармады, растамады да. Бірақ Нұрлан Таубаевтың адвокаты, қорғауындағы шендіні үйінен арнайы қызмет, мән-жайды ескертпестен алып кеткенін жеткізді.

Игорь ВРАНЧЕВ, Н.ТАУБАЕВТЫҢ АДВОКАТЫ:

Оны қамауға алу туралы әлі шешім қабылданған жоқ. Бізге танысуға берген процесуалдық құжатта пара көлемін көрген жоқпыз. 182 млн теңге пара алу бойынша күдікке ілінгені туралы БАҚ білдік. Әңгіме пара туралы бірақ кімге немесе кімнен екені белгісіз. Таубаевты қылмыс үстінде ұстаған жоқ. Біз нақты немен күдіктелетінін сұрағанымызда, тергеушілердің бір де біреуі ештеңе айта алмады.


44 жастағы Нұрлан Таубаев Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне биыл мамыр айында ғана келген болатын. Ал 41 жастағы Тимур Басаровтың құрылыс басқармасына бастық болғанына 3 ай да болған жоқ. Атыраудағы ірі шенділердің қылмыстық іске тартылуы бірінші рет емес. 2014 жылы аймақтың экс-әкімі Бергей Рысқалиевтың 2 бірдей орынбасары сотталған болатын. Биыл наурызда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауовада қылмыстық жауапкершілікке тартылған еді.
 
Бұл жолы тағы да аймақ басшысының орынбасары күдікке ілікті. Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровтың 182 млн теңге пара алғаны расталса, 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Мемлекет басшысы 1-ші қыркүйектегі Жолдауында парақор шенділерге жазаны қатайтуды тапсырған болатын.

Б. Нәдірқызы