Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерекше балалар өздерін қоғамда еркін сезінуі керек - психолог

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2020
  • 3907

Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі керек. Ал, ол үшін алдымен ата-анаға психологиялық көмек қажет. Ақтауда өткен тренингте мамандар осы мәселені көтерді. Жиналғандарға кеңес берді. Инклюзия мәселелері талқыланған мұндай жиындардың мақсаты көпшілік ортада қалыптасқан теріс стеоротиптерді жоюға септігін тигізу. Тренингке қатысқан тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Ақтаулық Арайлым Ықыласова көптен бері қоғамдық көлікке отырмайды. Тіпті адам көп шоғырланған жерлерден қашуды да әдетке айналдырыпты. Өйткені ол ерекше жаратылған баласына қоғамның үрке қарауынан қорыққан. Сондықтан өзі ғана емес, баласының да жайсыз жайтқа тап болуынан сақтанатынын айтты. Бірақ бұл фобиядан ол тренингке қатысу арқылы арылған.   

Арайлым ЫҚЫЛАСОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балам айналадағылардың пікірін пысқырмайды да. Оған бәрібір. Сондықтан менің балам өзін өте жақсы сезінеді. Проблема менде сияқты. Өзім де кейде қысыламын. Алайда бүгінгідей тренингтер көбірек болса екен. Сол кезде қоғамның да ойы өзгерер еді.  

Оңалту орталығының басты мақсаты, ата-ананы бала үшін қымсынбауға үйрету. Мұндағы  арнайы мамандар да осы мақсатта жұмылдырылған.

Ақгүл МОЛДАБЕКОВА, "ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕРІ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПСИХОЛОГЫ:

Мұндай балалардың тікелей ортада бейімделіп оқығаны дұрыс. Себебі қазір көмектеспесек, әрі қарай колледж немесе ЖОО оқыған кезде қиындыққа тап болуы әбден мүмкін. Сол себептен қаншалық қиын болса да балалармен жүйелі жұмыс бастаған дұрыс.

Жыл сайын оңалту орталығында жүзге тарта бала ем алады.  Мұнда массаж бөлмесі, бассейн, бейімдеу сыныптары бар. Мамандар нәтиже жаман емес,-дейді. Алайда оны дамыта түсу үшін инклюзивті білімді арттыру қажет, деді.

Гүлбаршын ҚАРАБАЛИНА, "ӨРКЕНИЕТТІ ҚОҒАМ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 5 мыңнан астам ерекше бала бар. Олардың денсаулығынан бастап, оңалтуда, оған қоса ата-ананың психологиялық дайындығында үлкен түйіткілдер бар. Біздің қоғам әлі күнге дейін мұндай балаларды дұрыс қабылдамайды.

Бұл кездесу ата-аналардың көңілінен шықты. Пайдасы зор деп отыр. Тренингке қатысушылар уақыт өте келе дені сау қоғамды қалыптастыруға болатынына сенім білдірді.

Ғ. Өтемісов