Русский Сайттың толық нұсқасы

Беларусь бірнеше елмен шекараны жапты. Ал, Еуропа елдері Лукашенко билігін мойындамады

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2020
  • 2298

Беларусте Билік пен оппозиция текетіресі жалғасуда. Лукашенко, "ОМОН ереуілге шыққандарға қысым жасамады", десе Светлана Тихоновская оны, "Шынайы өмірден ажырап қалған адам", деп атады. Өйткені, көршілеріне өкпелі ресми Минск Польша мен Литва шекарасын жауып тастаған.

Беларустегі ереуілдердің жүріп жатқанына екі айдан асты. Халық - Билікті, ал Билік оппозицияны мойындамайды. Ішкі текетірес Беларустің халықаралық абыройына нұқсан келтірді. Ресейден бастап мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа дейін бұл тақырыпты күнде қаузайды. "Батька" болса елде түк болмағандай қыз-келіншектердің басын қосып, жиналыс өткізуде.

Александр ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шынын айтайын. Польша мен Литваның енді қандай қадамға баратыны белгісіз. Олар соғыс ашпас бұрын бірнеше әрекет жасайтынын түсініп отырмыз. Сондықтан біз әскердің жартысын көшеден шығарып, шекараға жақындатуға мәжбүрміз. Өкінішке қарай бауырлас Украинамен де шекараны күшейтуге тура келді.

Лукашенконың бұл мәлімдемесі Еуропарламентке бағытталған болуы керек. Осының алдында ғана Еуропа елдері Александр Лукашенко жеңісін мойындамай, оны Президент ретінде танудан бас тартқан.

Жозеп БОРРЕЛЬ, ЕУРОПА ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қайта сайлау өткеннің өзінде оған Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан бақылаушылар кіруі керек. Бірақ бұл туралы біз Лукашенкомен сөйлесе алатын емеспіз. Ол, Мәскеудің қолдауымен өз билігін күшейтіп жатыр.


Президент сайлауы қайта өте ме жоқ па? Ол белгісіз. Бірақ, Еуропарламент Беларусте "әділеттік" орнайды деген сенімде. Олар, Светлана Тихоновская бастаған Үйлестіру Кеңесін Беларустің уақытша өкілі деп жариялады. Ал, Тихоновскаяның өзі дүйсенбі күні Брюсселде баяндама жасайды деп күтілуде.

Д. Мұхаммедкәрім