Русский Сайттың толық нұсқасы

Сыртқы жарнаманың салығы кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2020
  • 3301

«Қосымша ауыртпалықты көтере алмаймыз». Қостанайлық кәсіпкерлер сыртқы жарнаманың қомақты салығын төлеуге қарсы. Тіпті, бизнес өкілдері салықтық аударымның қалай есептелгенін білмей дал. Енді олар жарнамаға қатысты жанжалды сот арқылы шешкелі отыр. Тараптардың уәжін Заңғар Санай тыңдап қайтты.

Көрнекі жарнаманың көп соммасы Асқарбек Әділбековті тығырыққа тіреп отыр. Енді ғана карантиннен көз ашқан кәсіпкер үш жүз мың теңгеден асатын салықты қалай төлерін білмейді. Қарызы барлардың қара тізіміне енген оның қазір есеп-шоты да бұғатталған.

Асқарбек ӘДІЛБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Біздің счетымызды бас салып бір-екі күнде арестовать етіп, қазір жұмыс істей алмаймыз. Міне отырмыз қазір. Банкке барсақ, ашады да сіздің есеп-шотыңыз қып- қызыл дейді. Аз да болсақ, шамалы әйтеуір үлесімізді қосып жұмыс істеп, салығымызды төлеп жатырмыз ғой. Есептескен дұрыс деп ойлаймын бұл жерде.

Қосымша салықтың ауыртпалығы Қостанайдағы 1251 шағын және орта бизнес обьектісін тығырыққа тіреді. Кәсіпкерлер салық соммасының қалай есептелгенін де білмейді. Сыртқы жарнаманың төлемақысы туралы мемлекеттік кіріс басқармасы ешкімді ескертпеген. Бірден қомақты қарызды мойындарына іле салған.

Татьяна АНТОНИНОВА, КӘСІПКЕР:


Біз сотқа жүгінеміз. Заңгерлермен кеңесіп жатырмыз. Дегенмен мұндай келеңсіз жайтты  жай қалдыруға болмайды. Өйткені әр адам бұл сомманы өз қажеттілігіне, өз кәсібін дамытуға жұмсауы тиіс деп ойлаймын.

Наразы топ қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің табалдырығын тоздырып жүр. Сыртқы жарнамаға осы жер рұқсат береді. Оған қоса кіріс басқармасына жарнама салығын жалтарғандар жайлы мәлімет жіберетін де осы мекеме.

Ерлан ҚАЗИЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ревизиялық комиссия тексеріс жүргізіп сәулет және құрылыс бөлімі сыртқы жарнама салығын жөнді қадағаламай отыр деген сын айтты. Кәсіпкерлер салық төлемейді. Қалалық бөлім кіріс басқармасына толық мәлімет жібермейді деп сөкті. Сол тұста біздің бөлім дереу кіріс басқармасына ақпарат жолдады.

Сәулет және құрылыс бөлімі қаладағы қалың кәсіпкердің 30 пайызы  сыртқы жарнама салығын сырт айналып жүргенін айтады. Солардың салдарынан ай сайына қазынаға 11 миллион теңгеден астам қаражат түспейді. Ал, аймақтағы кәсіпкерлер палатасы салықтық аударымдардың негізсіз екенін  дәлелдемек.

Жібек СЕЙІТОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Осы мәселеге қатысты кәсіпкерлер палатасы тарапынан прокуратура органдарына, мемлекеттік қызмет жөніндегі департаментке сауал хат жолданды. Мемлекеттік органдардың әрекетіне әділ құқықтық баға берілу керек.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:


Кәсіпкерлер мәселесіне қатысты мемлекеттік кіріс басқармасына хабарласып ек, мардымды жауап берген жоқ. Ресми сауал хат жолдауды сұрады. Ал, қалалық сәулет және құрылыс бөлімі мыңнан астам  бизнес өкілінің мәліметін кері қайтарып алғанын мәлімдеді. Яғни, оларға наурыз айынан бастап салық салынбайды деп түсіндірді.


З. Санай