Русский Сайттың толық нұсқасы

Жұмыртқа тапшылығы бола ма?

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2020
  • 3642

Құс тұмауы бес облысқа тарап үлгерген. Мұны ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Бұл аздай 47 елді-мекендегі қанаттыларда дерттің белгілері байқалып отыр. Бүгінде республика бойынша 13 мыңға жуық құс қырылып қалды. Аталған індет халықты жұмыртқамен қамтып отырған кейбір құс фабрикаларына да жетті. Жұмыртқа тапшылығы болуы мүмкін бе? Петропавлдағы әріптесім Абзал Құрманкин жауап іздеді.

Теріскейден басталған індеттің аясы күн санап кеңейе түскен көрінеді. Министрлік құс тұмауының белгілері Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысындағы, барлығы 26 ауданнан анықталғанын айтты. Қыркүйектің тоғызынан бастап он үш мыңға жуық құс қырылып қалған. Эпизоотияға жабайы құстар себеп, дейді ауыл шаруашылығының вице-министрі.

Гүлмира ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Арнайы зерттеудің нәжитесінде тұмау жабайы құстардан басталған. Олар қазір солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатыр. Үй құстары індетті су тоғандары арқылы жұқтырды. Республикалық қордан 1 миллион 400 мың вакцина бөлінді. Бұл шамамен 5 миллионға жуық құсқа  жетеді.  Ертең таңертен қосымша бір миллион доза вакцина бөлінеді.

Індеттің салқынын ірі құс кешендері де сезе бастады. Солтүстік Қазақстан облысындағы  Бескөл құс фабрикасы 40 мың бас аналықтан айырылған. Еске салайық, өткен аптада аталған кәсіпорын үйректерді арзан бағамен жаппай сатылымға шығарған болатын. Қазір өңірдегі барлық құс фабрикалары қандай да бір ақпарат беруге келісер емес.  

Берік ӘЛЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір Бескөл құс фабрикасында құстың көзін жою шаралары қолға алынған. Құстардың өлекселерін өрттеу үшін өңірімізге арнайы инсениратор келді. Инфекция тараған аумақтан 20 шақырым қашықта құстарға екпе жасалып жатыр. Қалған құс фабрикаларында әзірге жағдай тұрақты.

Қазір сауда сөрелерінде жұмыртқа азая бастаған. Сатушының айтуынша, әдетте халыққа ұсынылған жұмыртқаның он санатының бүгінде екеуі ғана саудада бар.

Валентина ВАЛДЕР, САТУШЫ:

Бұл қоймада қалған жұмыртқа. Жаңа партиялар әлі келген жоқ. Қазір бірінші және екінші санаттағы өнім ғана қалды. Жұмыртқа аз қалды. Сатылған соң не істейтініміз жайында әлі білмейміз.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа тапшылығы болмайды деп сендіреді. Себебі, Қазақстанда жұмыртқа өндірісімен айналысатын 35 кәсіпорын бар. Олар ішкі нарықты қамтып қана қоймай, біраз бөлігін экспортқа да жіберуде деді.  

Еркебұлан АХМЕТОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН ӨНДІРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жалпы Қазақстанда жылына 5 миллиард  400 мыңнан астам жұмыртқа өндіріледі және 223 мың тонна құс еті өндіріледі. Жұмыртқа бойынша Қазақстан ішкі нарықтың 106 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Яғни, артығымен. Бізде жұмыртқа бойынша жылына 500 миллионнан астам жұмыртқа экспортқа шығарылады.

Министрлік құс тұмауынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтін болды. Бұл мақсатқа қазынадан 390 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, сала мамандары індеттің салдары қысқа дейін жалғасуы мүмкін деген болжам жасайды.

А.Құрманкин