Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирустың жаңа толқынында 2 миллионан астам қазақстандық мұқтаждардың қатарына қосылуы мүмкін, - Б.Нұрымбетов

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2020
  • 2245

Карантин тағы да күшейтілген тәртіпке көшетін болса, 2 миллионнан астам қазақстандық мұқтаждардың санатына енуі мүмкін. 162 мың адам жұмыссыздардың қатарына қосылуы да ғажап емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің есебі - осы. Ол бүгін мәжілісте өткен Үкімет сағатында күздегі толқынның тигісер салқынын жеткізді.

Қытайдан шыққан індет соңғы жарты жылдан бері әлемді әбігерге салуда. Экономиканы тығырыққа тіреді. Алғашқы толқыны бізге де оңай тимеді. Тіпті пневмония қосылып, өлім-жітім көбейді. Эпидемиолог мамандар індет күзде де бас көтеретінін айтып дабыл қағуда. Кесел өршісе, карантин қайта күшеюі де мүмкін. Тағы да бірқатар мекемелер жұмысын тоқтатады. Әлеуметтік салаға жауапты министр осыған алаңдаулы.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл - бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Министрдің айтуынша, халықтың жартысына жуығы жұмысын сақтап қалады. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салаларында еңбек етіп жүргендер деді. Биылғы жылдың 2-ші тоқсанында ел ішіндегі жұмыссыздық 5 пайызға артып, 11 пайызға жеткен. Проблеманы шешу үшін министр бірнеше ұсыныстар әзірлепті.  

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:


"Еңбек" бағдарламасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарын көбейту, толық емес немесе қысқартылған жұмыспен қамтуға көшкен жағдайда ең төменгі жалақы мөлшерінде жалақының бір бөлігін өтеу немесе субсидиялау тетігін енгізу, карантин кезеңінде жұмыссыздар үшін жұмыстан айырылу бойынша төлемдерді арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырмыз. Енгізуіміз мүмкін.


Артырылатын төлемдердің 42 500 теңгеге қатысы жоқ. Бұдан бөлек «Жұмыспен қамту» жол картасын жалғастыруды және инфрақұрылымдық жобалар арқылы жұмыс орындарын сақтау және құру шаралары енгізбекші.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Айта кетейік, дәрігерлердің болжамы бойынша Қазақстанда Covid-19-дың жаңа толқыны қараша-желтоқсан айында басталуы ықтимал. Өйткені осы уақытта тұмаудың маусымдық өршуі байқалады. Жалпы елімізде вирус жұқтырғандар саны 107 мыңнан асады. Оның 95 пайызы емделіп шыққан. Қайтыс болғандар саны 1711 адам.   

Ә. Өмірзақ