Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдегі 4 жарым мың балабақша жабылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2020
  • 5575

Елдегі 4 жарым мыңға жуық балабақша жабылудың алдында тұр. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлайды. Бұған бірнеше себеп бар. Карантин басталғалы мардымды жұмыс істемеген мекемелерге, енді мемлекеттік тапсырыстар бала санына ғана төленетін болды.  Ал, Оралда қызметкерлеріне жалақы төлей алмаған екі балабақша жабылып қалды. Өңірлердегі жағдай, алдағы бейнематериалда.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Оралдағы жеке балабақшалардың жағдайы мәз емес. Кәсіпкерлер бұл бизнестің ұзаққа созылмайтынын айтады. Өйткені көбісі миллиондап қарызға батыпты. Енді жағдай түзелмесе, балабақша бизнесінің құрдымға кетер күні де алыс емес деп отыр.

Жеке балабақшаның иесі Борис Лаврентьевтің қарызы алты айдың ішінде 30 миллион теңгеден асқан. Банктен алған несиесі кейінге шегерілсе де, жағдайы түзелмегенін айтты. Қазір жалға алған ғимарат иелері ғана емес, тамақ жеткізушілерге де берешекпін дейді. Бұған ғимаратты ұстап тұру шығындары, өрт пен күзет қызметін қосыңыз.

Борис ЛАВРЕНТЬЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мысалы, Ресейдегі жеке балабақшаларға пайызсыз несие беріледі. Ал біз 6-7 пайыздық несиенің өзін әрең аламыз. Қарызымнан құтылу үшін несие алайын десем, мойнымдағы дүние-мүліктің бәрі банкке кепілге қойылған. 250 орындық балабақшам қазір тек 150 баланы қабылдайды. Ал қалған 100 баланың шығынын бізге ешкім өтеп бермейді. Осының кесірінен жағдайымыз қиындап отыр.

Кәсіпкер карантин кезінде балабақша жабық болса да, жұмысшыларының жалақысын толық төлегенін айтады. Енді келер айда қалай төлейтінін білмей басы қатқан ол министрліктің мекемеге келіп жүрген бала басына ғана ақша төлеу туралы бастамасымен келіспейді. Өйткені бұл талап жеке балабақшаларды тығырыққа тірейді деп отыр  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазірдің өзінде Оралдағы екі жеке балабақша жабылып тыныпты. Олар да қызметкерлерінің жалақысы мен ғимаратты жалға алу ақысын төлей алмаған. Егер жағдай түзелмесе, облыс орталығындағы 63 бақшаның кемінде 40 пайызы жұмысын мүлде тоқтатуы мүмкін. Халық көп шоғырғанған оңтүстікте жағдай қалай? Өңірдегі әріптесім Айзада Төребекқызы айтуға дайын. Айзада!?

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІШІ:

Иә, Еркін, карантин Шымкенттегі жекеменшік балабақшаларға да оңай тимеген секілді. Мектепке дейінгі мекемелер бала қабылдамаған. Бірақ шығын шаша етектен екенін жеткізді.

Ашылғанына 1 жылға жуықтаған мына балабақша мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Тізімде 78 бала бар. 17-ші тамыздан бері кезекші төрт топ жұмыс істеп тұр. Әр топта 15 баладан. Бала саны кемігенімен шығын азайған жоқ,- деді мекеме меңгерушісі.

Динара ТӨРЕБЕКОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Мысалы мен өз балабақшамды айта кететін болсам айына маған 2 млн-дай түседі. Ол 2 млн-ның 600 мыңы ол менің арендама кететін ақша. Айлығымыздың өзіне орташа 1 млн 400 - 1 млн 500 кетеді. Сосын налогтарымыз бар. Ол налог біз карантин кезде де 100 пайыз төледік. Біз пенсионкамыз бар, соц.отчисление оның бәрі 100 пайыз төленді.

Мекеме меңгерушісі бала келмеген күнге қызметкерлердің жалақысын азайта алмайтынын алға тартты. Ал ата-ана төлейтін ақша, балабақшаға келген баласының тамағына жұмсалады деді. Қайта керісінше карантин кезінде басы артық шығын көбейген көрінеді. Қолғап, бетперде, дезинфекциялық сұйықтартар сынды шығындарды тағы бар. Оның бәрі балабақша есебінен алынатынын қосты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІШІ:


Айта кетейін, үшінші мегаполисте  500-ден астам балабақша бар. Соның 450-ге жуығы жекенің меншігінде. Барлығы карантинге қарамастан жұмыс істеп тұр. Білім басқарасындағылар 60 пайыз баланың  балабақша келіп жүргенін хабарлады. Ал, солтүстіктегі Қызылжардағы балабақшалардың жайы қалай? Әріптесім Абзал Құрманкин жеткізеді. Абзал?!  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Иә Айзада, бұл мәселе Теріскейдегі балабақшаларды да айналып өтпеген. Солтүстік Қазақстан облысындағы 16 жекеменшік балабақшаның басым бөлігі жабылудың алдында тұр.

Қазір жеке білім беру ордаларын қаржылық қысылтаяңнан алып шығу үшін қызылжарлық кәсіпкерлердің кейбірі жеке мүлкін сатса, енді бірі қосымша несие алуда. Мұндай түрімен олар әрі кетсе, қысқа дейін ғана шыдайды, дейді үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілі.

Ольга ЖАРКОВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ СҚО БОЙЫНША ӨКІЛІ:

Біз төрт айға жуық уақыт мүлдем жұмыс істеген жоқпыз. Қазір топтар жартылай толық. Табыстың 40 пайызынан айырылдық. Бірақ шығын көлемі сол қалпында қалды. Несиені біршама уақыт төлемегендіктен, қазір оның төлемі де өсіп кетті. Жеке балабақшалар тығырыққа тірелді.


Тағы бір мәселе биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өсті. Тәрбиешілер де бұл санатқа кірген. Бірақ мемлекеттік тапсырысты орындап отырған жеке балабақшалардағы мамандарға, үкімет бұл қосымша ақыны 9 айдан бері төлемей келеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сондықтан аталған білім беру мекемелерінің қызметкерлері мемлекеттік балабақшаларға ауысуға бекініп отыр. Мәселе, жуық арада шешілмесе, сәбилерді тәрбиелейтін ұйымдар, шығынға батқаны өз алдына, мүлде мамансыз қалуы да бек мүмкін.


А.Құрманкин, А.Төребекқызы, Е.Карин