Русский Сайттың толық нұсқасы

Әзірбайжан мен Армения Таулы Қарабақта тағы қақтығысты

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2020
  • 5889

Таулы Қарабақта тағы қарулы қақтығыс. Сарапшылардың айтуынша, осы жолғы жағдай шілде айындағы жанжалдан қарағанда әлдеқайда ауыр. Әзірбайжан мен Армения соғысқа дайын екендерін айтып, армияларын аяғынан тік тұрғызған. Бұл қарулы қақтығысқа алыс-жақын мемлекеттер араласып тараптарды бітімге шақырды.

Таулы Қарабақта атыс жексенбі таңнан басталды. Бұл теке-тіресті жай ғана қақтығыс деп айту қиын. Өйткені, осы жолы екі жақ бір-бірін зеңбірекпен атқылап, ұшақпен ұрды, танктер жіберді. Қанды қырғынды нақты қайсысы бастағаны әзір белгісіз.

Илхам ӘЛИЕВ, ӘЗІРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін армениялық әскерилер біздің елді- мекендерді бірнеше жерден атқылады. Біздің әскери позицияларымызды әртүрлі қарумен ұрды. Оның ішінде ауыр артиллерия бар.


Осыған ұқсас айыптауды Армения тарапы да таратты. Олар тіпті Таулы Қарабақта қираған үйлер үйіндісін көрсетіп, өз пайымдарын фото-видео материалдармен дәлелдемек болды. Артынан Армения Үкімет басшысы Никол Пашинян Парламентте мәлімдеме жасады. Әзірбайжанға ерегескен Әрменстан, Таулы Қарабақ тәуелсіздігін тануы мүмкін.

Никол ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:


Еуропа қауіпсіздік ұйымының Минск тобына мүше тең-төраға мемлекеттер және басқа да халықаралық қауымдастық назар аударса екен. Бұл қақтығыстың арты Оңтүстік Кавказда ірі соғыс отын тұтатуы мүмкін. Бұл жағдай ушығып, аймақтан тыс мәселеге айналуы мүмкін.

Ресми Баку болса, "Мақсатымыз тарихи әділеттік орнату, Әзірбайжан өзінің территориялық тұтастығын қалпына келтірді", деп мәлімдеді. Әзірбайжан мен Арменияда осы күнде "әскери жағдай жарияланған". Ал, алыс-жақын мемлекеттер екі жақты бейбіт келісімге шақыруда.  "Сабыр сақтауға", шақырғандар арасында Қазақ елі де бар.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Біз, достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын, жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз.

Бір-біріне шүйліккен екі ел осы уақытта әртүрлі ақпарат таратуда. Армения Әзірбайжанның бірнеше ұшағын атып түсіріп, танкілерін жойдық, деп мәлімдеді. Ал, Әзірбайжан болса армениялық 550 сарбаздың көзін жойғанын хабарлады.

Д. Мұхаммедкәрім