Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерге жол жоқ

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2020
  • 3240

Атырауда жаңа мөлтек аудан салынғанымен, оған апаратын жол жоқ. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен баспаналы болған бұқара оның зардабын тартып жүр. Базыналы халық қоғамдық көлік те қатынамайтынына ашулы. Арыз айтып, әкімдікке талай барғандарын жеткізді. Бірақ мәселені шешуге құлықты шенеунік таба алмадық деп отыр. Тілшіміз толықтырады.  

Бұл - Талғайран-2 мөлтекауданынан баспаналы болған тұрғындардың жан-айқайы. 80 отбасы биыл ақпан айында қоныстанған. Олардың қуанышы алғашқы жаңбырдан кейін басылып қалды.  Көліктері батпаққа батып, қиындықтарға тап болған. Күз келсе де, бұл мәселені әлі шеше алмай отырғандарына күйінеді.  

Көпжан ДОСҚАЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Кезінде плакатта болды. «Нұрлы жердің» бағдарламасында тұрды. Барлық жерде асфальт, көркейген, тал еккен. Сол ақша қалай бөлінді? Қайда кетті?

Ақмарал ЖИЕНӘЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Әкімдіктен талап етеміз, күнде барамыз. Қайрат Оразбаев бізге «бұны мен салған жоқпын.  Мен сендерге берген жоқпын»,- деп біздерді бір рет айдап шықты. Әкімнен әкімнің қолына өткен нәрсе.  Жасап бергеніме рахмет айтыңдар деп.

Жол болмаған соң, қоғамдық көлік те оларды айналып өтеді. Бұдан өзге жаңа ауданда интернетте жоқ. Онлайн сабақ үшін, көше жағалауға мәжбүр.   

Мейірбек ЖАҒЫПАШЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мен мұғаліммін. Бір сабақ болса да қалаға бару керекпін. Интернет жоқ бұл жерде. Әкімнен сұрасақ,  олар  айтады «қарастырылмаған деп құтылады.

Аймақ атқамінерлері жаңа мөлтек ауданның жағдайына қанық. Олар әу-баста бұл ауданға тас жол салу қарастырылмаған деді. Тек биыл ғана жобалау құжаттары әзірленіпті.  

Алмас СӘРСЕНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:


Тас жол төсеу мақсатында жобалау сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Осы жоба бойынша жұмыстарды іске асыруға бюджеттен қаражат көзі қарастырылуына қарай алдағы уақытта 2021 жылдың жоспарына енгізілетін болады.

Мөлтек ауданға жол қашан салынатынын жергілікті шенеуніктер нақтыламады. Келесі жылы бюджеттен ақша бөлінсе деп қайырды. Талғайран-2 ауданындағы жаңа үйлердің 80-і мемлекеттік "Нұрлы Жер" бағдарламасымен салынған. Тұрғындардың ай сайын бөлме санына қарай айына 100-170 мың теңге, несие төлеп жүр.

Б. Надирқызы