Русский Сайттың толық нұсқасы

Құс тұмауының салдарынан жұмыссыздар көбеюі мүмкін

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2020
  • 2830

Құс тұмауының салдарынан фабрикалар тығырыққа тіреліп, жұмыссыздардың саны көбеюі мүмкін.  Құс өсірушілер одағының пайымы осы. Өйткені қанаттыларға келген қырғын, қанатын кеңге жайған. Қостанай облысының өзінде 300 мыңға жуық құс дертін құрбаны болған. Қазір аймақтағы жекелеген елді-мекендерде карантин енгізіліп, сақтық шаралары күшейтілген.

Арқалықтағы фабрикада 296 мың құстың қырылғанын ветеринария басқармасы растады. Тағы 200 мыңнан астамы жойылуы мүмкін екенін айтты. Індеттің салдарынан ірі кәсіпорын шығынға ұшырап, жүздеген адам қысқартуға ілігетінін жасырмайды.
 
Руслан ШӘРІПОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰС ӨСІРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Ақшалай да шығын ғой. Бәрі профилактика жасап, дезинфекция жасап барлық фабрикалар уже вакцинация жасап жатыр. Құс тұмауы анықталған аумақтарда.

Облыстағы 4 елді-мекенге карантин енгізілді. Өйткені жекенің қолындағы 3 мың 200 тауық пен балапан жаппай қырылған. Құс тұмауы анықталған аумақтарға блок-бекеттер қойылып, дезинфекция шаралары қолға алыныпты.

Бауыржан БЕКЕТ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Буферлік аймақ жаңағы анықталған ошақтың жағалай 25 шақырым төңірегінде орналасқан елді-мекендер. Солардың құстарына міндетті түрде вакцина егу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда біз 366 мың 218 доза вакцина алдық құс тұмауына қарсы.
 
Заречный кентінің тұрғыны Әзей Бәлелқызы әзірге үй құстарына ешқандай вакцина салғызбағанын айтады. Ауыл жұртшылығы індеттен үрейленіп, тауықтарын жаппай сатып та жатқан жоқ.

Әзей БӘЛЕЛҚЫЗЫ, ЗАРЕЧНЫЙ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:


Әзірше ауылға құс тұмауы келген жоқ. Тыныш біздің ауыл. Енді жұмыртқасын жеп жатырмыз күнделікті. Қырылса қырылып қалар. Оны көре жатармыз.

Жалпы ел аумағында 58 құс фабрикасы жылына 235 мың тонна жұмыртқа өндіреді. Нарықты жүз пайыз қамтамасыз етіп отыр. Осыны алға тартқан сарапшылар 3-4 фабрика жұмысы тоқтатса да, жұмыртқаның бағасы қымбаттамайтынын хабарлайды.

Айгүл ЕСЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ҚҰС ӨСІРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
 
Ал құс етіне келетін болсақ 45 пайызын отандық өндірушілер өндіреді. Қалған пайыздарын импорт арқылы толықтырамыз. Сондықтан құс немесе жұмыртқа бағасының қымбаттауына әкелмейді деп ойлаймын.

Қазақстанда 46 миллионнан астам үй құсы бар. Тобыл-Торғай өңірінде 5 миллион 52 мың. Аймақ мамандары мен фабрика қызметкерлері қанаттыларды сақтап қалу үшін сақтық шараларын күшейтіп, екпе жұмыстарын екпіндетіп жатыр. Айтып өтейін, құс тұмауы елдегі жеті өңірге жетіп үлгерді.

З. Санай