Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда карантин қайтадан күшейтілуі мүмкін, - ДСМ

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2020
  • 4201

Қазақстанда карантин қайтадан күшейтілуі мүмкін. Өйткені, шектеу шаралары жеңілдегелі бері санитарлық талаптар тиісті деңгейде сақталмайтын болған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі осы. Ережеге бағынбау елдің 10 өңірінде тіркеліп отыр. Ал, пандемия болса табандап келеді. Алыс-жақын кейбір мемлекеттерде індеттің екінші толқыны басталып та кетті. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр толықтырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кейбір шетел мемлекеттерінде коронавирус инфекциясының ушығуына байланысты 5-ші қазаннан бастап бірқатар мемлекеттермен әуе рейсін қысқартуға және тоқтатуға ұсыныс айты. Біз қазір Нұр-Сұлтандағы халықаралық әуежайдамыз. Осы мақсатта шетелге ұшқалы тұрған жолаушылардың пікірін білсек.

Қызылордалық Шәркүл апа, Түркияға ұшып барады. Жұбайы екеуі Ыстамбұлда тұратын қызы мен немерелерін көріп қайтпақ. Олар елге қашан қайтатындарын әлі білмейді. Билет алынбаған.

Шәркүл ШАХАЕВА, ЖОЛАУШЫ:

Қызым оқуға тапсырамын дейді. Оқитын болса боламыз сонда әлі белгісіз қашан қайтатынымыз. Оқуы ашылса шамалы немерелерімізге қараймыз.  

Құдірет, ЖОЛАУШЫ:

Астанадан Ыстамбұл қаласына ұшып бара жатырмын. Бұл жерде риск бар әрине, сол рейспен ұша береміз енді. Обратно билет алдым 3 күннен кейін қайтамын.

Ал, COVID-19 болса әлемде қайтадан бас көтеріп келеді. 34 миллионға жуық адам дертке шалдықса, бір миллионнан астам адам қайтыс болды. Бұл үрейлі сандар әрине. Елде пандемияның екінші толқыны болмас үшін сақтық шараларын қатайту қажет. Әсіресе шетелден келген азаматтарға талап күшейеді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Термометрия, сауалнама, алынған күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт аралығында коронавирустың теріс нәтижесі туралы анықтаманың болуы керек. Анықтама болмаған жағдайда , азамат карантиндік стационарда COVID-19-дың зертханалық нәтижесі шыққанша 2 тәулікке дейін оқшауланады.

Қытайлық індет балалар арасында да қанат жайды. Ресми деректерге сүйенсек, кесел 104 мектеп оқушысына жабысқан. Оның 33-і кезекші сыныпта оқыса, қалған 71 бала қашықтан білім алып жүріп короновирус жұқтырыпты. Олармен байланыста болған 800 адам анықталды. Соның 22-сінен COVID-19 табылып отыр.  Үкімет басшысы Асқар Мамин елдегі тұрақтылықты сақтау үшін бірқатар шара қабылдауды тапсырды.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Денсаулық сақтау министрлігі көшпелі медициналық кешендер мен жедел жәрдем автокөліктерін, қажетті техника мен жабдықты, жеке қорғану құралдарын сатып алуын қамтамасыз етіп, оларды 15 қазан айына дейін өңірлерге беру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын.


Елде COVID- 19 жұқтырғандар саны 108 мыңға таяды. Оның 96 пайызға жуығы емделіп шыққан. Өкіншке қарай, 1731 адам бақилық болды. Ал, коронавирус расталмаған бірақ індет белгілері бар пневмониямен 33 мыңдай науқас тіркелген. Ауру құрбаны -  353. Тағы 90 адам ауруханаларда хәл үстінде жатыр.

А. Данияр