Русский Сайттың толық нұсқасы

Әуежайды жөндеуге қатысқан кәсіпкерлер ақшаларын даулап жүр

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2020
  • 2145

Қызылжарда әуежайды жөндеуге ат салысқан кәсіпкерлер ақшаларын даулап жүр. Айтуларынша ауыр жүк көліктерін астаналық бас мердігер жалға алған. 10 жергілікті кәсіпкер ірі компанияның арбауына түсіп қалдық деді. Тараптарды тындаған аймақтағы әріптесім тақырыпты жалғастырады.

Кәсіпкер Денис Кораблев 2018 жылы облыс орталығындағы әуежай құрылысына септескен. Сол кезде аймақаралық саммитке дайындық барысында, ұшақтарға арналған тұрақ күрделі жөндеуден өтті. Ауқымды жұмыстарға бірнеше техникасын жалға берген. Жұмыс аяқталғанымен, бас мердігер, келісілген қаражаттың 30 пайызын қайтармай жүр деді.  

Денис КОРАБЛЕВ, КӘСІПКЕР:

Мен бас мердігерге үш жүк көлігі мен бір кранымды жалға бердім. Үш айдың ішінде маған он миллион теңгеге жуық қаражат төледі. Енді қалған төрт миллион теңгемді қайтармай отыр. Берген ақшасы жұмысшылардың жалақысына және техниканың шығындарына кетті.    

Дәл осындай мәселе ұшақ тұрағын жаңғырту жобасына қатысқан 10 кәсіпкерге тән. Шағымданушылардың есебінше бас мердігердің қарызы 80 миллион теңгеден асады. Алданып қалғандарын айтып, сотқа да шағым түсірген. Былтыр сот жергілікті кәсіпкерлердің пайдасына шешіп бергенімен, алашақтары әлі ала алмай жүргендеріне ашынады.  

Владимир МАКАРОВ, КӘСІПКЕР:

Бас мердігер компанияның жеке меншігінде мүлік болмаған соң, сот орындаушылары ештеңе тәркілеп ала алмады. Маған ол 1.5 миллион теңге беруі тиіс.

Бас мердігер компанияның, жергілікті кәсіпкерлерге өкпесі қара қазандай. Компания өкілінің айтуынша, олардың аудит кезінде бірқатар заңсыздықтарға жол бергенін анықталған.  

Руслан ШАРИПОВ, БАС МЕРДІГЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

Олар материалды тасыған кезде алып келген шикізаттың көлемін артық көрсетіп отырды. Біз оны кейін жасалған ішкі аудит кезінде байқадық. Енді қазір кәсіпкерлерді сотқа беру мәселесін қарастырып отырмыз. Ал істелген жұмыс үшін қаражаттың 95-98 пайызы төленген.

Мәселе тығырыққа тірелді. Тараптарды кезекті сот күтеді. Оның қандай нәтиже шығаратыны әзір белгісіз.

А.Құрманкин