Русский Сайттың толық нұсқасы

Бойжеткенді әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітсымағы зорлап кеткен

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2020
  • 3645

Алматылық бойжеткенді әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітсымағы зорлап кеткен. Жәбірленуші осыны айтып, полицияға арыз жазған. Бірақ олар күдіктіні ұстауға аса құлшынып отырмағанына алаңдаулы. Жәбірленуші қоғамдық қормен бірлесіп, прокуратураға арыздануда. Қордың өкілдері күн санап қорлық көрген қыз-келіншектер артып келе жатқанын хабарлайды. Желідегі таныстықтың зардабын тартқан бойжеткенмен әріптесім тілдесіп қайтты.

22 жастағы алматылық бойжеткен қыркүйектің 24-і, түнде болған жайтты әлі қорқынышпен еске алады. Әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысып, екі айдай хат-хабар алмасып тұрған. Әбден сенімге кірген соң, онымен кездесуге барғанын айтты. Бірақ желідегі жігітке артылған сенім ақталмаған.  

ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Мен тамақтанып болған соң, үйге қайтайық деп ұсыныс жасадым, ол келісті. Парктің сол жағындағы парковкада екеуміз сол жерде сөйлесіп әңгімелесіп отырдық. Мне кажется ол қасындағы адамдардың кетіп қалғанын күтіп отырған сияқты. Последний машина кеткеннен кейін ол мені ұрып жіберді. Мен сені осындай істегім келеді деп айтты. Күшім жеткен жоқ.

Мұнымен іс бітпеген, бойжеткенді үйге апарар жолда тағы да, қалтарысқа тоқтап, арам пиғылын күшпен екінші рет іске асырғанын еске алды. Тіпті төрт мәрте қылқындырды деп отыр.
 
ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Біз әлі кездесеміз мен саған заявление жазам деген моментте жоқ менің әкем осылай екі рет мені шығарып алған. Сен маған ештеңке істей алмайсын деп айтты. Сыртқа шығып кетті, сол моментте мен қашып кеттім.

Денесі әбден көгала қойдай болған ол, бұл жайтты жақындарынан жасырып жүр. Қазір жұмыстан да шығып кеткен. Бірақ істі бұлай жылы жапқысы жоқ. Сондықтан қоғамдық қордан көмек сұраған.  

Дина СМАИЛОВА, «НЕ МОЛЧИ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Апта басталғалы дәл осындай төрт жағдай келіп түсті. Сіздерді қызықтырған бойжеткеннің оқиғасына келетін болсақ, күдікті жігіт оны зорлап қана қоймай өлтіргісі келгенін де аңғаруға болады. Полицияға арыз жазылды. Бірақ күдікті әлі еркіндікте жүр.


Полиция күдіктінің бостандықта жүргенін растады. Құзырлы департамент қазір аталған жағдай бойынша тергеуді бастаған. Арыз түсісімен, күдікті ұсталып жауап алынғанын мәлім етті. Тергеу талаптарына сәйкес өзге ақпараттарды жариялаудан бас тартты.     

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек бүгінгі таңда Бостандық аудандық полция басқармасында Қылмыстық кодекстің 120-бабының аясында тергелуде. Сезікті ұсталып жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды.

Қоғамдық қор өкілдерінің дерегінше қорлықтың құбаны болған қыз-келіншектердің саны азаймай келеді. Керісінше күн санап артып отырғанына алаңдаулы. Ал, полициядағылар әлеуметтік желі арқылы танысып, зорлықтың құрбаны болғандар туралы ақпаратпен бөлісер емес. Желідегі таныстықтың соңы, өмірін тас-талқан еткен бойжеткен, күдіктінің жазасыз қалмауын талап етеді. Ол қоғамдық қормен бірге прокуратураға арыз түсіріпті.  
 
Ә. Лесбек