Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда экономикалық тергеулер департаментінің екі қызметкері қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2020
  • 2487

Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді? Оралда жемқорлықпен күресіп жүрген екі тергеуші, осы жемқорлықпен қолға түсті. Келтірілген деректерге қарағанда, Экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің аға тергеушісі мен жедел уәкілі уыс-уыс ақшамен ұсталған. Оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мамандары қолға түсіріп отыр. Тергеушілер, "істі тоқтатамыз", деген желеумен бір азаматтан 5 млн теңге көлемінде пара алыпты. Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалып сот алды тергеу амалдары басталды.

Данияр БИГАЙДАРОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ 1-ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:

Қазір олар Орал қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілердің кінәсінің ауырлығына байланысты нақты шешімді сот тағайындайды. Басқа ақпарат тергеу амалдарына байланысты әзірге айтылмайды.

Astana LRT қылмыстық ісі де сотқа жеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі келтірген деректерге қарағанда, жеңіл рельсті көлік жобасынан күдіктілер 6 млрд теңгеге жуық ақша "жеп қойыпты". Солардың жетеуінің ісі сотқа түсті Екі адам халықаралық іздеуге салынды. Айта кетейік, айыпталып отырғандардың арасында бас қала әкімдігінің қызметкерлері де бар.  

Данияр БИГАЙДАРОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ 1-ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:

Сұлтанбеков және Арданға «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеу салынды. Күдіктілердің айыбын сот анықтайды. Қылмыстық-процестік кодекс тәртібіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Е. Карин