Русский Сайттың толық нұсқасы

Алты айдан бері мәселесін шеше алмай отырған ауыл халқы әкімдікке келді

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2020
  • 4653

Қызылорда облысында айрандай ұйыған ауылдан береке қашқан. Күн суытса да Асқар Тоқмағанбетов елді-мекенінің тұрғындары күріш жинай алмай отыр. Айтуларынша егістік басына, Халықты инвестор жібермейді. Шыдамы таусылған бұқара облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар аймақ басшысы Гүлшара Әбдіхалықованың шешіп беруін талап етті. Бірақ әкім қара көрсетпеді. Жағдайдан күннен күнге шиеленісіп бара жатқанына алаңдаған халықпен әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызы тілдесіп қайтты.

Алты айдан бері инвестормен текетіресіп келе жатқан ауыл халқы, бүгін облыс әкімінің ортаға шығып мәселені шешуін талап етті. Базыналы бұқараның айтуынша кәсіпкер Мадияр Алдоңғаров 20 жылдан бері, ауылдың дамуына 20 тиын салмаған. Тек биыл ғана күріш егуге 150 млн теңге инвестиция құйыпты.  

Меңдіғали ЕСЖАНОВ, А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл кісі келіп айтады. Барлық мен күрішті аламын дейді. Басымды қатырма дейді. Бір дән бермеймін ауылға дейді. Ол болмай керек ондай. Ол кісі 150 млн ақша салды ма, 150 млнға 70 теңгеден 2 мың тонна күрішін алу керек, болды.

Ауылдағы халықтың 70 пайызының бұл шаруашылықта пай үлестері бар. Олар биыл 900 гектар жерге күріш еккен. Егін де бітік шығыпты. Алайда инвестор ауыл халқын қырманға жақындатпай отыр.

Азамат ЫСҚАҚОВ, А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Комбайнды әкеп жегізуге түсірдім. Әкім Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы, аудан прокуроры Ерлан Алмазұлы деген кісі келді. Полиция бөлімінің бастығы Ерлан Ибраев деген кісілер келді. Кеше ең соңында Алматыдан келген телохранительдер дейма, ЗБ дейма бір кісілер, бұрыңғы КНБшниктер дейді кеп қойған басына. Жолдан тұрмайды.

Нұрруслан ҮМБЕТОВ, А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алдоңғаров кетсін мына арадан. Біз осы ауылдың азаматтарымыз. Бүгіннен бастап жолды байлаймыз, оларды кіргізбейміз. Қандай заман мынау, айдың күннің жанына күзетші ертіп алып. Ауылдың азаматтарына қол көтеріп жатыр олар деген. Не болады бұл, неге біздің машиналарды қамайды ол жақтан. Неге олардың машиналарын алдырмайды. Кәне заң бүкіл милиция жүр.

Мәселеге көз жеткізу үшін қырман басына бардық. Полицияның қызметтік көліктерінің барлығы осында. Бірі егіс басына баратын комбайнның жолын бөгеді. Себебін сұрағанымызда арнайы тапсырма бойынша, рейдтік шара жүріп жатқанын жеткізді.

Барған комбайнның бұл жолы да кері қайтуына тура келді. Аудан атқамінерлері болса, бұған қатысты тұшымды ешнәрсе айтпады.

Бақытжан ЛЕКЕРОВ, СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сот шешеді барлығын. Біз өз тарапымыздан екі жақсы кездестіріп, келістіруге жұмыс жасап жатырмыз. Егінді жерде қалдырмауға жұмыс жасап жатырмыз.

Облыс әкімін талап етіп, әкімдік алдына барған бұқара да Гүлшара Әбдіхалықовамен кездесе алмады. Олар тағы да сотқа жүгінбекші. Бұл жолы 2008 жылы облыс әкімінің орынбасары болған, қазір кәсіпкер Мадияр Алдоңғаровтың ауылдан кетуін талап етпек.

М. Тоқтасынқызы