Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан өз нарығын отандық азық-түлікпен қамти алмай отыр

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2020
  • 1552

Қазақстан өз нарығын отандық азық-түлікпен қамти алмай отыр. Халық жиі тұтынатын қант, сүт өнімдері және тауық етін шетелден жеткізіп жүрміз екен. Осылайша, елден миллиардтаған ақша шекара асып жатыр. Премьер-министр Асқар Мамин бүгінгі Үкімет сағатында ішкі нарықты дамытып, импортқа тәуелділіктен арылу керектігін айтты. Үкімет сөзден іске қашан көшеді? Айя Мүтәлінің материалында.

Елдегі әрбір сауда орнын бүгінде қытайлық тауар мен қырғыз шүберегінсіз елестету мүмкін емес. Біздің нарықты өзбек тауары да жаулағалы қашан?! Ең сорақысы, ол жеңіл өнеркәсіп өндірісі ғана емес. Азық-түлікті де біз көршімізден алып жүрміз.

Отандық өнімдердің сыртқы импортқа бәсекелес бола алмауының себебі көп, дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Еркебұлан Ахметов. Соның бірі отандық өндірушілердің бәрі бірдей мемлекеттік субсидияға қол жеткізе алмауында болса, тағы бірі нарықты әдеттегідей өз орнын шегелеп алған өндірушілердің билеуінде екен. Сондай-ақ, ол "сұраныс бар да, ұсыныс бар дегенді" айтты. Яғни, шетелдік тауарлардың қаптап кеткеніне халықтың да кінәсі бар деп отыр. Ел тұрғындары әлі күнге дейін табиғи таза өнімнің орнына, сапасыз азық-түлікті пайдалана беретін, көрінеді.

Еркебұлан АХМЕТОВ, ҚР АШМ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Көп жағдайда болады. Мысалы, импортталған өнімнің өзіндік құны төмен болады. Оның негізгі себебі техникалық регламенттерге сай болады. Мысалы, сары май түрінде спреттерді сатады. Соны алып келіп жатады мысалы. Шұжық өнімдері болсын, арасына қоспаларды қосып, шұжықтың өзіндік құнын төмендетіп алып келеді.

Енді мынаған қараңыз. Елде құс етін өндіретін 25 фабрика бар. Алайда, тауық етінен ішкі нарықтың 75 пайызын АҚШ, қалғанын Ресей, Беларусь және Украина елдері қамтып отыр. Шұжықтада солай. 85 пайызын шетелден алып отырмыз. Дені Ресейден келеді. Балық, алма, қант және сүт өнімдеріне келгенде де импортқа тәуелдіміз. Үкімет мұны әрине біледі. Шешуге енді кірісті. Бірақ оның жемісін биыл емес 3 жылдан кейін көреміз.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр.

Тарқата айтар болсақ, Үкімет осы 3 жыл ішінде отандық тауар өндірушілердің санын арттырып, импорттан түбегейлі бас тартпақ. Тауар және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осы уақыт аралығында халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығынын да 15 пайызға дейін азайтамыз деп уәде берді. Енді сөзден іске көшетін сәт те келіп жеткен секілді. Оның толықтай жүзеге асу-аспауы, уақыт еншісінде. Яғни, асықпасақ қоянды арбамен ақ соғып алармыз.

А. Мүтәлі