Русский Сайттың толық нұсқасы

Бішкекте ереуіл жүгенсіз кетті: халық топ-топқа бөлініп жаға жартысып жатыр

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2020
  • 2601

Қырғыздағы қазан революциясы аймақаралық қақтығысқа айнала бастаған сыңайлы. Сайлау нәтижесіне қарсы шыққан 12 партия өкілдері өзара таққа таласып жатыр. Жаппай бей-берекет Бішкекте толастар емес. Ел Президенті Сооронбай Жээнбековтің Ош қаласындағы жақтастары болса, тәртіпсіздікті тоқтатуды талап етуде. Бішкек жұрты да екіге бөлінді.

Қырғыздардың осы жолғы революциясы алдыңғылардан өзгеше. Көшеге шыққан ашулы топтар, билік түгіл бірін-бірі тыңдайтын емес. Әр саяси ұйым өз адамын тықпалап әлек. Қала әкімі, Үкімет басшысы, Парламент спикері сияқты өкілетті орган тізгіні бір күн ішінде бірнеше қолдан өтті. Мұнда, "Кім бұрын келді сол қожайын", қағидаты жұмыс істеп тұрғандай. Ал, қолдарына таяқ пен тас ұстаған көтерілісшілер, қаруланған кәсіби омонды алаңнан тырқыратып қуып. Жергілікті милицияны көлігінен шығармай көгала қойдай сабады.

"Әй дейтін әже, қой дейтін қожа" болмай тұр. Сайлауда ұтылып қалған 12 партия, халықты бітімге шақыратын емес. Ал, билік өкілдерінің сөзі өтпей жатыр. Президент Сооронбай Жээнбеков кеше, "Сайлау нәтижесі жойылды. Партия өкілдерімен кездесемін", деген-ді. Кешелі бері ол үндеу жасап халқын сабырға шақыруда. "Ереуілді күштеп басу, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Сондықтан да төтенше жағдай енгізілмейтінін айтты.

Сооранбай ЖЭЭНБЕКОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті жерлестер! Саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз тартып алу әрекетін жасады. Сайлауды сылтау қылып қоғамдық тәртіпті бұзды. Қала тұрғындарының тыныштығын бұзып бүлік шығарды.


Сооранбай Жээнбековтің сөзін сөйлейтін Ош жұрты ғана. Олар Бішкектегі бей берекетті сынап, сабырға шақырды. Тәртіпсіздік тоқтамаса, "Ел болып жиналып Бішкекке барамыз", дейді. Қырғыздар әулетке, аймаққа ғана емес топ-топқа да бөлініп, алысуға кірісті. Өткен түнде бір топ, сауда үйлерін тонап мекемелерді қирата бастады. Тағы бір топ ерікті халық-жасақтарын құрып әлгі мародерлермен күреске шықты. Қысқасын айтқанда халық билікпен ғана емес бір-бірімен жаға жыртыса бастады. Ал, мемлекет пен оппозиция ортақ мәмілеге әлі келмеді. Тақ талас мұнда күннен күнге қыза түскен.

Д. Мұхаммедкәрім