Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрсынбек Қабатов та, баламды қаққан жүргізуші де кешірім сұрап келмеді,- марқұмның анасы

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2020
  • 2649

"Тұрсынбек Қабатов та, баламды қаққан жүргізуші де кешірім сұрап келген жоқ". Жол-көлік оқиғасынан қаза болған 34 жасар жігіттің анасы арнамызға осылай сұхбат берді. Еске сала кетейін, белгілі сықақшы, еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек Қабатовтың аты өткен жылы дауға қалған. Қарағанды облысында қазанның 13 күні жол көлік оқиғасы болып бір адам қаза тапты. Ол көлік Тұрсынбек Қабатовтікі болып шықты. Әртістің өзі, "Көлікті көмекшім басқарған", деп ақталды. Тараптарды тыңдаған әріптесім Асылбек Даниярдың материалы.

Өткен жылы қазанның 13-де Теміртау-Нұра-Нұр-Сұлтан тас жолында белгілі сықақшыға тиесілі "Лексус" автокөлігі 34 жастағы адамды қағып өлтірген. Көлікті әртістің 25 жастағы көмекшісі басқарғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен оның жүргізуші куәлігінен айырылғаны айтылды. Полицияның айтуынша, көмекшінің жәбірленушіні айналып өтетін мүмкіндігі болмапты. Соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соққан.

Алмас САЛАМАТОВ, ҚАРАҒАНДЫ о. ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Одан басқа лексус жүргізушісі алкогольдік ішімдік ішпегені, ал жәбірленуші орташа дәрежеде мас күйде болғандығы анықталды. Анықтау барысында, қылмыстық іс, қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды. Қабылданған шешім заңдылығы қазіргі күнде прокуратура органдарымен тексеруде.

Жалғыз ұлымнан айрылдым деп етегі жасқа толған ана, осы іс бойынша сотқа 4 рет шағым түсіріпті. Алайда оның біреуі қаралмапты. Амалсыз ана жақында 5-ші арыз түсірді. Бұл іс ішкі істер министрлігінің қарауына түскен екен. Алайда, Даджан Омарқұлова қылмыстық іс қозғалмай қала ма деп қорқады.

Даджан ОМАРҚҰЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Қара жамылып отырғанда баламды соққан Хасенбаевтің әкесі келді, бірақ оның не айтқаны есімде емес. Ал, кінәлі Хасенбаев пен Қабатовтың өзі кешірім сұрап келген емес. Менің бар талабым: құқық қорғау органдары ұлымың қазасы жайлы барлық мән-жайды ашық және әділ тексерсін. Және қылмыскер тиісті жазасын алсын.

Автокөлік иесі, Тұрсынбек Қабатов болса, бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып ақталуда. Өтінгеннен кейін, көлікті көмекшісіне сеніп беріпті. Оның жүргізуші куәлігінен айырылғанын сол кезде білмегенін, айтады.

Тұрсынбек ҚАБАТОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АКТЕР:

Оқиғаның өз куәгерлері болған екен, содан сол жігітке айттым қолыңмен істегенді мойныңмен көтер, мен араласпаймын деп.  Біреулер: "Тұрсынбек шешіп тастады, ол ақша берген" деп жүр. Мен ешкімге хабарласқан емеспін, ешкіммен сөйлескен емеспін, бұл іске араласқан жоқпын. "Көлік сенікі ғой" деп кінә тағып жатқандар болса кешірім сұраймын. Бірақ мен ол көліктің ішінде болған жоқпын.

Құзырлы органдардың айтуынша, бұл іс прокуратурада қайта қаралып жатыр. Ал, жазатайым апаттан қаза болған азаматтың артында әйелі мен 10 жасар баласы қалды.

А. Данияр