Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда ірі көлемде алаяқтықпен айналысқан азамат сотталды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2017
  • 2656

Алматыда бөтеннің мүлкін өз мақсатына пайдаланған алаяққа қатысты сот үкімі шықты. Ол таныстарына банктен арзан бағаға көлік шығарып беремін деп, алдап-арбау арқылы қомақты қаражатты иемденген. Шығынның көлемі 180 млн теңгеден асады. Бұл қылмысы үшін Қуанышбек Мәкенов 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ал жәбірленушілер бұл қылмыстың артында құқық қорғау органдары мен нотариаттық кеңселердің тұрғанына сенімді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бес айға созылған сот процесінде Қуанышбек Мәкенов өз қылмысын ішінара мойындады. Ол өзіне қарсы арыз жазған 27 адамның барлығынан бірдей ақша алғаным жоқ дейді. Қомақты қаражатты қайда жұмсағанын да ашып айтпады. Өзінің сыбайластары туралы мардымды жауап берген жоқ. Осыған қарамастан, сот "аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иеленді" деген айып бойынша оған жаза тағайындады. 

Қуаныш Әріпов, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы:

Сот үкім етті Мәкенов Қуанышбек Сағатбекұлы ҚР Қылмыстық кодесінің 190 бабының 4 бөлігінің 2 тармағымен, 185 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танып, оған Қылмыстық кодексінің 190 бабының 4 бөлігі мен 2 тармағымен мүлкі тәркіленіп, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодексінің 185 бабының 1 бөлігімен 1 жыл бас бостандығынан шеттеу жазасы тағайындалсын.

Сот Мәкеновке жәбірленушілердің шығынын өтеуді жүктеді. Ол талап-арызда көрсетілген соманы қысқа мерзімде төлеуге міндетті. Зардап шеккендер алаяқтың 180 млн теңгені қайтарып беретініне сенбейді. Тергеу барысында белгілі болғандай, оның атына ешқандай мүлік тіркелмеген. Жәбірленушілердің бірі Андрей Гаврасов "сотталушы менен 6 автокөлікті жалға алып, оны жарнамалық портал арқылы өзгелерге сатып жіберген" деп отыр.

Андрей Гаврасов, көлікті жалға беру компаниясының басшысы:

Оның қамауда жатқанына 8 ай болды. Менің жалға беретін көліктерім осы уақытта маған қанша пайда әкелер еді. Бірақ айып тұрағында қаңтарылып тұр. Меніңше, бұл қылмысқа көлікті тіркеуден шығарып, қайта тіркеуге қоятын полиция қызметкерлері мен нотариустардың да қатысы бар. Бірақ тергеу мұны назардан тыс қалдырып отыр.

Ал Мәкеновтен көлік сатып алғандар сот шешімі бойынша қайта шағымдануға құқылы. Олар азаматтық істер жөнінідегі сотқа арызданып, қарыздарын өндіруі тиіс. Қаржылай шығынға батқан азаматтар алдағы уақытта Халыққа қызмет көрсету орталығы, екінші деңгейлі банк қызметкерлері мен жалған сенімхат жасауы мүмкін деген нотариаттық кеңселерге қатысты ішкі істер органдарына талап арыз жазбақшы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сотталушыға жәбірленушілердің әрқайсысы 1 млн мен 30 млн теңге аралығында қаржы берген. Ал ол "банктен арзан бағаға көліктер алып беремін" деп алдын ала жарты ақшасын алып, елді сан соқтырып кетіп отырған. Ол өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін, туыстарының, достарының және жақын таныстарының сеніміне кіріп, қаражаттары мен мүліктерін иемденуді әдетке айналдырған.

Ришат Асқарбекұлы