Павлодарда пандемия басталғалы 473 дәрігер үстемақы алуға өтініш берген. Оның 431-і мақұлданыпты. Қалғандары қауіптілік деңгейіне кірмегендіктен, оларға үстемақы тағайындалмаған. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясының аймақтағы бақылау комиссиясы отырысында белгілі болды.
Бақыт АХМЕТОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Үстемақы төлеуде дәрігерлердің жұмыс істеген қауіптілік деңгейі ескерілді. Жеңіл-желпі аурумен ауырған науқастарға қызмет көрсеткен дәрігерлерге үстемақы төленбеді. Ал пневмония және коронавируспен ауырғандарды емдеген дәрігерлердің барлығы тиісті ақысын алды.
Аймақта індет басталғалы коронавирустан 10 дәрігер бақилық болған. Олардың туыстары мен жақындарына 2 млн.теңгеден өтемақы төленген. Пандемия кезінде 500-ден аса ақ халатты ауру жұқтырып, оның 492-сі дертінен айықты. Өңірде басын қатерге тіккен медицина қызметкерлеріне жалпы соммасы 1 млрд. теңгеден аса үстемақысы мен өтемақысы беріліпті.
Ирина ЧИДУНЧИ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Комиссияға үстемақы төлеу бойынша сұрақтар көп түсті. Біз партиялық бақылау комиссиясының мүшелері барынша дәрігерлердің қызметіне адал қарауды бақыладық. Керек жағдайда, тиісті органдарға ұсынысымызды жеткіздік. Соның нәтижесінде індетпен күрескен барлық дәрігер тиісті ақысына қол жеткізді.
Ө. Қуанар