Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысында серіктестік басшысы шаруалар жерін банкке салып жіберген

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2020
  • 2566

Теріскейде, шаруалар сан соғып қалып отыр. Мәселе пайға алынған жерде. Аққайың ауданындағы Қиялы ауылы тұрғындары, жер телімдерін жергілікті кәсіпкерге сеніп тапсырған. Уәде бойынша серіктестік шаруаларды жем-шөп, ұнмен қамтамасыз етуі тиіс еді. Алайда ол сөзінде тұрмаған.  Ашулы жұрт енді жерін де қайтара алмай отыр. Өйткені, кәсіпорын ол жерлерді банкке кепілге беріп қойған екен. Мәселенің мәнісін аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

"Жергілікті кәсіпкердің "қиялына" сеніп қалдық", деген Қиялы тұрғындары серіктестік кеңсесіне келіп шу шығарды. 100-ге тарта шаруаның талап-тілегі біреу. "Жер телімі меншігімізге қайтсын", дейді ауылдағы ағайын. Өйткені кәсіпкер, дивидентті келісімге сай төлемеген.

Валентина СТЕБЛЯНКА, ҚИЯЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Олар бізге жыл сайын бір тонна шөп, бір тонна жем және екі қап ұн беруі керек еді. Бірақ бұл талаптар дұрыс орындалмай келді. Шөп пен бидай қалдықтары тоннаға жетпейді. Бергені қызып кеткен, лас астық қалдығы мен толар-толмас ұн ғана.


"Серіктестік сарандық танытты", деген шаруалар жер телімдерін алып, компания құрамынан шығып кетпек. Бірақ оның өзі оңай емес екен. Себебі жер, банкте кепілде тұрған көрінеді. Шаруалардың естігені осы.

Татьяна ТОЦКАЯ, ҚИЯЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Серіктестікке кіргелі бері бір жиналыс болмады. Жуырда олар, қол қою үшін сенімхат берді. Бірақ, ешқайсымыз қол қоймадық. Кейіннен біз "Агро-10" компаниясынан шығып, басқа кәсіпорынға кіретінімізді айттық. Серіктестік өкілі болса, жердің банкте кепілде тұрғанын айтты. Оған сенбей өзіміз тексеріп көрдік. Шын мәнінде кепілде тұр екен.

Серіктестік құрамынан шықпақ болған шаруалар иелігінде барлығы 2,5 мыңға жуық гектар жер бар. Шаруалар, осының бәрі банкте кепілде тұр, деп күдіктенеді. Анық-қанығын білу мақсатында компания басшысына жолықпақ болдық. Түк шықпады. Ақыры атқарушы директорды телефон арқылы зорға таптық.

Николай САФРОНОВ, "ҚИЯЛЫ АГРО-10" ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:


Мен бұл компанияда екі-ақ жыл жұмыс істеймін. Кәсіпорынның қарамағындағы жерлердің кепілдікте тұрғаны, тұрмағаны жөнінде түк білмеймін. Бұл мәселемен біздің заңгер айналысады.

Ал, Аққайың ауданының әкімдігі болса мәселені тек сырттан бақылап отырғанға ұқсайды. "Азаматтық іске араласпаймыз", дейді жергілікті атқа мінерлер. Ал, тәжірибелі заңгер Светлана Андрейчуктың айтуынша, тұрғындардың жерді қайтаруға зор мүмкіндігі бар.

Светлана АНДРЕЙЧУК, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ҚОРҒАУШЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:
 
Жерді кепілдікке қояр алдында серіктестік жер иелерін жинап, бұл мәселені кеңеске салу керек. Кейін сенімхат алуы тиіс болатын. Егер бұл талаптар орындалмаса, онда сот арқылы жылжымалы мүлікті кепілдікке қою туралы келісім-шарттың күшін жоюға болады.

Шаруалардың ендігі қадамы сотқа арыздану. Алайда, тұрғындар оған да аса сенім артып отырған жоқ. Өйткені, заңгерлердің айтуынша, сот процесі бірнеше жылға созылуы әбден мүмкін.

А. Құрманкин