Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында 700 бас асыл тұқымды қой жанып кетті

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2020
  • 3934

Қызылорда облысында 700 бас асыл тұқымды қой, далада жанып кетті. Тағы бірнеше қозы күйіп қалған. Жаңақорған ауданындағы жағдайды жіті тексеруге арнайы комиссия құрылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, шаруа қожалығы күзгі жиын-терімнен кейін күріш алқабын тазаламақ болып өрт қойған. Шаш етектен шығынға батқан серіктестіктің шығынын кім өтейді? Аймақтағы әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызы сауалға жауап іздеді.

"Түгіскен" шаруа қожалығы күріштік алқабын өртеген. Жалын сол жерде жайылып жүрген «Ынтымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малдарына ұшқан. Шопан оттың лезде жайылғанынан қорқып, өзі бас сауғалап қашқанын айтты.  

Сәбит ӘУЕЛБЕКОВ, ШОПАН:

Малды шығара алмай қалдым. Өзім қуып келіп, осы жерге келгенде игере алмай қалдым. Мынаның барлығын өрт басып кетті да, малды тастап өзім қашып кеттім.

Серіктестік асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысады. 25 жыл бойы жиғаным күлге айналды деген құрылтайшы, шығынға шаш етектен батқанын жеткізді.  

Мейіржан ҚҰТЫБАЕВ, «ЫНТЫМАҚ» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Аналық бастың кемі алпыс мың теңге ғой. Асыл тұқымды қой. Тоқты бар оның ішінді 500 бас тоқты бар тұғын. Бәрі семіз күйікке түсуге дайын тұрған. 90 мыңнан қошқар әкеліп қосқанбыз, оларда бәрі жанып кетті.

Күріш алқабын қожайындары, жиын-теріннен кейін жерді тазалау мақсатында қойыпты. Олар отар қойдың жайылып жүргенін де көрген. Бірақ мұның соңы бұлай болады деп ойламадық деді.

Ғабит ИАСЕВ, «ТҮГІСКЕН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осының 22-23 теріне жауын бар деген. Сол үшін біз тез өртеп, зәкке дайындауымыз керек болған. Мысалы анау алтыншы картада қойған. Мал бірақ мына жақта болған, шығар деген. Сол екі арада жел күшейіп кеткен. Жел алып өтіп кеткен. Әйтпесе, дәл мал жатқан атызға ешкім әдейіліп от қоймаған.

Қазіргі таңда шығын көлемін арнайы құрылған комисссия есептеп жатыр. Күйік шалған төлдердің есебінен қырылған мал саны артуы да мүмкін. Ал оны кім өтейтігі әзір белгісіз.

Қайратбек СӘРСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер сот шешімі өтелуге тиіс деп қабылдайтын болса, онда бюджеттің арасынан өтеледі. Бұл алдын ала ескертілді. Сол жерде мал жаюға болмайды деген. Өрт қойылады деген хабарда бар. Егер де ескертпей, оның малын алып кетуге мүмкіндік бермей өртеп жіберген болса екінші жақ, бұның бәрін аудандық ішкі істер бөлімі шешеді.

Егіс алқабында мал өлекселерінен тазалау жұмыстары жүргіліп жатыр. Ал олардың арнайы орынға емес, сол маңға көмілуі көпшіліктің көңілінін күпті етті.  

М. Тоқтасынқызы