Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда МИБ төрайымы "Қайтыс болған қарияның мүлкін иемденбек болды", деген күдікке ілінді

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2020
  • 2397

Павлодарда меншік иелері бірлестігінің бірі, қайтыс болған қарияның пәтерін иемденбек болды, деген күдікке ілініп отыр. Мұны полицияға, "Мейірімділер клубы" атты ерікті топ белсенділері хабарлапты. Сөздеріне қарағанда, жуырда марқұм болған қарияның пәтерін кооператив төрайымы иемденіп, жалға тапсырып жүрген көрінеді. Анық-қанығын әріптесім анықтап көрді.

"Мейірімділер клубы" қаладағы жалғызбасты қарттарға қол ұшын беріп, көмек көрсетіп жүрген ұйымның бірі. Ерікті Асхат Құстаулет жуырда ғана қайтыс болған әжейдің бірінің үйіне барыпты. Есікті ешкім ашпаған. Көршілері болса, пәтерді кооператив басшысы иемденіп, бөтен біреулерге жалға беріп қойғанын айтыпты.

Асхат ҚҰСТАУЛЕТОВ, «МЕЙІРІМДІЛЕР КЛУБЫ» ЕРІКТІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Людмила Русаковаға телефон соқтым.  "Пәтер бос емес. Оны маған мұрагерлікке қалдырды. Шаруаң болмасын", деп қоя салды. Негізі оның әжейге еш қандай туыстық қатысы жоқ. Мен әжейді жақсы білетінмін.

Қайтыс болған әжейдің үйіне еріктілер осы жазда ғана күрделі жөндеу жүргізген. Тозығы жеткен есік, терезелері толықтай ауыстырылды. Демеушілердің арқасында әжейге тегін көмек көрсетілген.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады.

Ал меншік иелері бірлестігінің төрайымы болса мұның бәрін жоққа шығарды. Жала жапқандарды сотқа бермек.

Людмила РУСАКОВА, «РУСАКОВА» МЕНШІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
 
Мен ешкімнің пәтерін тартып алған жоқпын. Басы артық пәтерімде жоқ. Тек өз пәтерім ғана бар.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазіргі уақытта күдіктінің қанша пәтері бары екені анықталып жатыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Ал бос қалған пәтер әкімдік қарамағына алынбақ.

Ө. Қуанар