Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордадағы 18 қабатты баспананың тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2020
  • 1920

Елордадағы 18 қабатты баспананың тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Осыдан 4 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйдің құбырлары әлден жарылып біткен. Ал оған жауапты "Астана су арнасында" тіпті қозғалыс жоқ. Осылай деген тұрғындардың пәтер иелері кооперативіне де өкпелері қара қазандай. Тақырыпты Айя Мүтәлі жалғастырады.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Мына қатарынан тұрған көпқабатты 3 тұрғын үйдің пайдалануға берілгеніне небәрі 4 жыл болған. Былайша қарағанда, іші-сырты бүтін, жап-жаңа баспана. Алайда, әдетте жер астынан жүргізілетін ауыз-су құбырларын мынадай аяқ асында жатқанын көргенде, ойыңызды бірден өзгертетініңіз анық.

Құбыр жарылып, тұрғындардың бұлай әлекке түскеніне 1 айға жуықтапты. Айналаны су алып, жүру мүмкін болмаған соң, «Астана су арнасы» осылай олқылықтың орнын толтырып кеткен. Әуелде 2 аптада қайта жөндеп береміз деген олар енді тағы бір ай күтесіңдер дейтін көрінеді. Бұған тұрғындар ашулы. Олар күн суып кетсе, жер үстінен жүргізілген құбырларда мұз қатып, тағы ауыз сусыз қаламыз ба деп алаңдайды.  

Назгүл ЖАКЕШ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құбыр жарылған кезде 3 күн сусыз отырдық. Артынан мына қондырғыларды орнатып кетті. Ал оның қысымы біздің 18 қабатты түгел қамти алмайды. Қазір көндік делік, бірақ күннен күнге күн суытып барады. Мына құбыр ертеңгі күні мұзға қатып қалып, тағы сусыз отырсақ, кім жауап береді?
 

Жиналғандардың сөзіне сенсек, мұндай жағдай алғаш рет болып жатқан жоқ. Суды олар көрші үйлерден жиі тасиды. Ал осының бәріне жауапты пәтер иелері коопертиві болса, үнемі әрекетсіз қалатындығына наразы. 300-ден астам пәтердің әрқайсысынан ай сайын ең кемі 3000 теңге алады дейді тұрғындар. Аула жарықтандырылмаған. Көпқабатты үйдің лифті күн ара бұзылады.  Жертөленің кәріз суына толғанына да 2 жыл болыпты.

Маржан ҚҰРЫМБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз ақшасын төлеп жатырмыз. Если біз ақшасын төлемесек, бір жөн. Подвалдың проблемасы уже екі жыл болды. Ағады. Біз айқайға саламыз. Не болды деп. Әйтеуір қолыменен шығарады. Бірдеңкесін жасайды. Сосын қайта-қайта одно и тоже. 2016-да өткізілген үйлер бұлар. Жаңа үйлер. Ал проблемалары как будто біз 90 жылдары тұрып жатқандаймыз.

Ал Пәтер иелері кооперативінің төрайымы болса, қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын деп ақталды. Ол жертөленің нәжіс суына толып қалуы мен ауыз-су құбырының бұзылуын "Астана су арнасынан" көрді.  

Людмила БУЛГУЧЕВА, ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бұл жерлер бір кездері Астана су арнасының балансына өтпей қалған. Ал жертөледегі аққан су солардың кәріз жүйесіндегі ақаудан болып отыр. Оларға хабарлассаң, үнемі қолдары бос емес. Бірден сасық суды сорғытып әкетпейді. Ал мен өз тарапымнан тиісті жұмыстардың бәрін қолдан келгенше істеп жатырмын.

Астана Су арнасы болса, пәтер иелері кооперативінен жертөлеге қатысты ешбір шағым түспегенін алға тарттты. Арызданған күннің өзінде, мекеме үй ауласындағы су жүйелеріндегі ақауға жауапты емес деді. Есесіне жер астындағы құбырдың жарылғанын өз мойындарына алып, оны 1 аптаның ішінде жөндеп береміз деп уәде берді.

Абылайхан ЖАРМАҚОВ, «АСТАНА СУ АРНАСЫ» МКК ОРТАЛЫҚ ДИСПЕТЧЕРІНІҢ БАСШЫСЫ:

Карантин болғандықтан, кішкене жұмыскерлер жетпей жатыр. Өйткені, біз қысқа уақытта жұмыс істейміз.  Сол үшін жұмыстарымыз созылып кетіп жатыр.  Осы 1 жұманың ішінде бітіреміз деп ойлаймыз.

Қысқасы, ауыз судың мәселесі шешілгенімен, жертөлені сасық судан тазартуға ешбірінің құлқы жоқ. Базыналы жұрт оны да реттемесе, мекемені де, кооперативті де сотқа беруге дайын отыр.

А. Мүтәлі