Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы "Думан" ықшам ауданында 15 үй әкімдік жоспарына симай қалды

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2020
  • 4084

Алматыдағы Думан ықшам ауданы тұрғындары қызық жағдайға тап болды. Жергілікті әкімдік мұндағы орталық көшенің біріне кәріздік жүйе тартқан. Көшенің бір бетіндегі үйлер оған тегін қосылса, қарсы беттегі үйлер ақша төлеуі керек болыпты. "Әр үй 220 мың теңгеден тапсырсын", деген талап қойылған. Бұған ел аң-таң. Мәселенің мәнісін Аршын Кемелжан анықтап көрді.

Аршын КЕМЕЛЖАН,ТІЛШІ:

Үш жылдан бері жыр болған Думан ықшам ауданындағы инженерлік желі тартылғанымен 15 үй кәріз құбырынан құр қалуы мүмкін. Көшенің оң жағындағы үйлерге кәріз құбыры тегін тартылған. Ал, сол жағындағы үйлерге кәріз құбырын тарту ақылы болады, депті. Оның үстіне төрт күн ішінде 220 мың теңге қаражат тауып үлгеруі қажет.


Ақша өткізілмесе Хан Тәңірі көшесінің жартысы кәріздік жүйеден ажырап қалады. Өйткені, кейіннен түскен 15 үй әкімдіктің бастапқы жобасына енбей қалған.

Айна ҚУАНДЫҚОВА, ТҰРҒЫН:

Сендер жобада жоқсыңдар, дейді. Ол қалай, мүмкін емес қой, мына Хан Тәңірі бойында тұрып жолдың арғы бетінде колодец бар мына бетінде жоқ. Ол қалай мүмкін емес, миымызға кірмей жатыр.

Аз уақытта қомақты қаражат таба алмайтын тұрғындар, тығырықтан шығудың басқа амалын қарастырыпты. Бірақ, ойлары іске аспады. Әкімдік рұқсат бермеген.

Айдос ӨТЕГЕНОВ, ТҰРҒЫН:

«Техника бәрін өзіміз табайық, қазайық», десек оған рұқсат бермей жатыр. «Проектіні бермейміз, тапа съемканы бермейміз, ақшасын бізге төлеңдер 220 мың теңге, біз жасаймыз», дейді.

Ауданға кәріздік жүйе тарту үшін жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген. Ол қаражат 18,5 шақырымдық су құбыры мен 26,5 шақырымдық кәріздік жүйеге жеткілікті. Бұл үш жыл бұрын жасалған жоба. Яғни, кейін түскен үйлер жоспарда жоқ.

Ермек ЖҰМАҒАЛИЕВ, АЛМАТЫ Қ. ЭНЕРГОТИІМДІЛІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Кейбір абоненттер бар сол жоба жасалып жатқан кезде ол үйлер болмаған. Қазіргі таңда жаңадан пайда болған үйлер жобаға кірмей қалған. Шешуге келмейді.

Жобада көрсетілген инженерлік желі тартылып болған. Осы уақытта жол тегістеліп жатыр. Келесі аптада асфальт төселуі тиіс. Яғни, тас жол түскенше 15 үй қосылып үлгеруі керек.

А. Кемелжан