Русский Сайттың толық нұсқасы

2021 жылы амнистия жарияланады

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2020
  • 6218

Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай, келер жылы амнистия жарияланатын болды. Рақымшылыққа қоғамға қауіпсіз қылмыс жасағандар ілігеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осылай деді. Президент бұл басқосуда министрліктің соңғы 9 айлық есебін тыңдап, бірқатар тапсырма жүктеді. Өз сөзінде ол, "Тәртіп сақшыларының кадр саясатына баса мән беру керек", деді. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту қажеттігін айтты.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс

Президент тәртіп сақшыларының жалақысы келесі жылы тағы 30 пайызға өседі, деді. Сондай-ақ, полицейлерге баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Бұл мақсатқа ел қазынасынан қосымша 10 миллиард теңге бөлінетін болды. Мұндай қолдауға кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің мамандары ие болады. Шамамен жиыны 8 мың адамға көмек көрсетілмек.

А. Мүтәлі