Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі Нұрсәт шағын ауданында газ берілмей отыр

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2020
  • 3095

Тағы да газдың проблемасы. Бұл жолы Түркістан облысында емес, үшінші мегаполис Шымкентте. Редакциямызға хабарласқан тұрғын жол жөндеу кезінде су және газ құбырларына зақым келгенін жеткізді. Арада 6 күн өтсе де әкімдік те, жауапты мекеменің өкілдері де ақауды жөндеуге асығар емес. Осының салдарынан қазір Нұрсәт ауданындағы Алматы және Кеңжарық көшелерінде газ жоқ. Тыңдап көрейік.

Жанар ЕРЕЖЕПОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бір аптадан бері үйімізде газ жоқ. Күн болса суық, балалардың алды ауырып жатыр. Асфальт төсеген жұмысшылар трассаны жарып жіберген деді, газдың трассасын. Газға су араласып кеткен. Оны істеп құнттап беріп жатқан адам жоқ. Кеше біреулерді жалынып жүріп 2 балаға шештіріп счетчикті 3500 теңгеге барып өзіміз тазалатын келдік. Оны қосып беретін жан адам жоқ.
   
Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Осы мәселенің мән-жайын білу үшін Шымкент қаласының атқамінерлеріне хабарластық. Қазір бізден тікелей байланыста энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламов бар екен. Қайырлы кеш, Жолшыбек мырза! Мәселеден хабарыңыз бар шығар? Неге 6 күннен бері мәселені шеше алмай отырсыздар?

Жолшыбек ШАЙХСЛАМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қайырлы кеш! 25-нші қазанда Нұрсәт шағын ауданы аумағында су құбыры жарылып, жөндеу жұмыстары барысында газ құбырына зақым келтірілген. Сол себептен Кеңжарық және Алматы көшелеріндегі орналасқан 400 үй газдан ажыратылды.


Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Түсінікті! Ол енді бізге белгілі. Енді үйлерге газды қашан бересіздер? Уақытын нақтылап айтсаңыз?


Жолшыбек ШАЙХСЛАМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Сол ақауларды жөндеп 26-ншы қазанда газ құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 300 үйді газға қосты. Қалған 100 үйді 27-нші қазан күні газғ қосты.  


Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Тұрғындардың айтуынша, әлі күнге дейін газ берілген жоқ деп отыр. Бұған не дейіз?


Жолшыбек ШАЙХСЛАМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Газ болмаған кейбір үйлер үйде болмай қалса, газ қосылмай тұр. Өйткені олар мынадай телефонға хабарласып:  104, 92-14-77 телефондарына хабарласып қостырып алуға болады.


Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

 
Сұхбатыңызға рақмет! Сөзіңізге сенейік. Арна тілшілері мәселенің шешілген-шешілмегенін нақтылау үшін тұрғындармен тағы да керіс байланыс орнататын болады. Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған өзекті мәселеңіз болса, экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласуыңызға болады. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.

А. Данияр