Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы Алатау ауданында 200-ден аса үйдің құжаты жоқ

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2020
  • 2713

Алматыдағы бір ғана Алатау ауданында 200-ден аса үйдің құжаты жоқ. Ол аздай осы ауданға тиесілі ықшам ауданның коммуналды мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Жол, су, электр желісі де тартылмаған. Өркениеттен ада тұрғындардың бүгінгі тыныс тіршілігін Аршын Кемелжан баяндайды.


«Самғау» деген атау берілген бұл ықшам ауданның алғашқы үйлері отыз жыл бұрын салынған. Аумақтың қалаға кіргеніне де жиырма жылдан асыпты. Содан бері қала тұрғындары жол, су, жарықтың азабын тартып келеді.

Гүлшат ЖҮНІСОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Асфальт жоқ, жол жоқ. Осы ұңқыр-шұңқырмен жүреміз. Мына маңайдағы үйлер бізден кейін түсті. Бірақ солардың бәрінде де асфальт бар. Солардың әр көшесіне асфальт тартады, бізде сол күйінде қалады. Сонау Кеңес Одағынан қалған дүние.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, "Самғауға" су мен кәріз құбырлары тартылған. Бірақ іске қосылмапты. Жыл соңына дейін барлық үй орталық ауыз суға қосылады, деді атқамінерлер.

Ертіс БЕСІРОВ, АЛАТАУ АУДАНЫ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Мердігер мекеме мен басқарманың мәліметіне сәйкес жылдың соңына дейін тұрғындарға толықтай су беріледі. Ал, кәріз желісі биылғы жылы іске қосылмайды. Самғау ықшам ауданында ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын жаңа жол құрылысына жоба дайындалған. Көктем айында құрылыс жұмыстары басталады.  

Ықшам аудандағы қордаланған мәселе мұнымен бітпейді. Осындағы үйлердің бірқатарында құжаты жоқ.

Асылбек ТӨРЕГЕЛДИЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Алды 30 жыл болды адамдардың үй салып тұрып жатқанына. Жарым-жартылай құжаты жоқ. Жетпістей үйдің құжаты жоқ. Шағымданбаған жеріміз жоқ. Барлығы ертең дейді, әне дейді, міне дейді кімге баруымызды білмедік.

Рақыш ТОҚМАМБЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Құжаттар еш түзелмейді. Бармаған жер, баспаған тау қалмады. Тегіс барады, анау-мынау бір-біріне сілтейді. Бұл қашан бітеді.

Жалпы, Алатау ауданында 930 заңсыз үй анықталған. Оның 725-і соңғы үш жылда заңдастырылыпты. Аталған шағын аудан бойынша жетпіске жуық үйдің құжаты жоқ деді тұрғындар.  

Қанат ӘШІРБЕКОВ, АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Самғау шағын ауданында қазіргі кезде 6 үй өзінің құжаттарын ала алмай отыр. Оның себебі, жаңағы су қорғау аумағына байланысты. Қазіргі кезде жер кодексіне, су кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін жаңағы алты үй қарастырылатын болады.

Демек су қорғау белдеуі мен қызыл сызықтың шегінде тұрғандардың  мәселесі қашан шешілері белгісіз.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Өркениеттен жұрдай қалған жұрт осында қоныстанған кезде өз күштерімен ағаш бағаналар тұрғызып, электр сымдарын тартып алған. Бүгінде сол ағаш бағаналар қисайып, құлағалы тұр. Ал, салбыраған электр сымдары жерге тиіп қалмас үшін мынадай тіреулер қойып қойыпты. Бүгінде тозығы жеткен электр сымдарының кесірінен мұндағы электр жарығы жиіп сөніп қалады екен.
 
А. Кемелжан