Русский Сайттың толық нұсқасы

Бірнеше жыл бұрын сатылып кеткен көлікке "қарыз" шығып, елдің есін шығарды

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2020
  • 4197

Бюрократиялық қателік пе әлде мыңдаған адамның салғырттығы ма? "Төленбеген салығың бар", деген сөзді отандастарымыз кейінгі күндері жиі еститін болды. Мәселе, бірнеше жыл бұрын сатылып кеткен көлік салығына қатысты айтылып отыр. Мұндай, ескертпе көп адамның қолына тиген. Белгісіз берешек неге елдің есін шығарды? Жауапты органдар не дейді? Сандалтқан салық сандарын Аршын Кемелжан ажыратып көрді.

Бұл келеңсіздіктер тамыз айында басталған. Елге, тіпті 5 жыл бұрын сатылып кеткен көлік салығы келіп жатты. Бұл халық арасында дау тудырды. Әншейінде, қағазға тастай салық органдары қай бетімен ескі салықты сұрайды? Мұны қара халық түгіл, қатып қалған шенеуніктерді өзі түсіне бермейтін сияқты. Бірі, "Қате жоқ. Бәрі дұрыс", десе енді бірі бәленің бәрін техникаға жабады.

Айжан АЛМАСҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өтеген батырдағы салық комитетіне бардым. барған кезде менің мәселеммен келіп тұрған отыз шақты адам бар екен. салық комитетінің басшысы шығып, қазір бізде техникалық ақаулар болып жатыр сол себептен осындай мәселелер туындауы мүмкін, деді.

Айжан Алмасқызының көлігі өткен жылы сатылып кеткен. Тиісті төлемдерің бәрін төлеп, көлікті халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеуден шешіпті. Сол кезде мамандар тіпті белгісіз бір айып пұлды шығарып бергенін айтады. Қарыздары толық жабылып, көлік сатылды. Енді биыл 2 жыл бұрынғы салық шығыпты. Айжан оған келісе алатын емес. Белгісіз берешекті ілгені үшін салық органдарымен соттасамын, дейді Айжан Алмасқызы.

Айжан АЛМАСҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы мәселемен мазасы кетіп жүрген, көліктің салығын төлеп техникалық ақауларға байланысты тағы да төлемеген, деп шығып жатқан адамдарға ер азаматтар болсын, әйел адамдар болсын мен шақырамын, бірлесіп жұмыс істейік, бірлесіп салық комитетінің үстінен арыз жазайық.

Негізі, көлік сатылар алдында барлық қарыздар мұқият тексеріледі. Мұны халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары айтып отыр. Яки, қарызы бар адамдар көлігін сата алмайды.

Ермұрат ӘБДІЛДАЕВ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХҚКО БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Міндетті түрде тізімге кіретін құжаттардың бірі салықтың төленгендігі туралы. ХҚКО қызметкері көлікті тіркеуден шешіп бастаған кезде біздің өзіміздің «ИСЦОН» деген базада салықтың түймешігін басқан кезде алдыңғы жылдардағы жеке тұлғаның толыққанды қарыздары көрсетіледі.

Ал, Мемлекеттік кіріс мамандары болса, салық қарыздары мәліметтер базасына бір жылдан кейін бірақ енетінін айтады. Яғни, көлік сатқан адам сол жылғы қарызын көреді де алдыңғы қарызды білмей қалуы әбден мүмкін. Ол, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының салғырттығы, дейді Нұрлан Жарманов.

Нұрлан ЖАРМАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ІЛЕ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


2018 жылы көлік сатып алған, 2019 жылы сатып жіберген. Соны есептен шығарар кезінде 2018 жылғы салық міндеттемесі орындалмай қалған. Есептен шығарған кезде уәкілетті орган көрмей шығарып жіберген.

Бір сөзбен айтқанда, жауапты органдар қателікті біледі. Бірақ ол кімнен кетті? Бұл сұрақ жауабын биыл таппайтын сияқты.

Дархан БИСЕНӘЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ АКТИВТЕРДІ ӘКІМШІЛЕНДІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұндай жағдай қалыптасатын болса, міндетті түрде салық органдарына жүгіну керек. Бұны тек қана, бұл қателіктің кімнен кеткенін тек қана себебін анықтаған кезде ғана айтуға болады. Бұл салық органдарының қателігі, немесе өкілетті мемлекеттік органның, жол полициясы комитетінің деп айту меніңше ешқандай негізсіз.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Салыққа келгенде Мемлекет, 100 теңгелік қарызды да кешірмейді. Оны бәріміз білеміз. Есеп шоттар бұғатталады, шетел түгіл ел ішінде жүріп тұруың қиындайды. Сөйтіп, пения салып әлгі 100 теңгені өндіріп алады. Ал, мынандай мәселелерге келгенде, "Техникалық ақау пайда болды, түсіністік танытыңыздар", деп құтылады.

А. Кемелжан