Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде пәтер бағасы 13 % қымбаттаған

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2020
  • 1994

Пандемияға қарамастан тағы қымбатшылық. Елде пәтер бағасы шарықтап шыға келді. Мониторингтік агенттік деректеріне сенсек жыл басынан бері баспана 13 пайызға өскен. "Оның басты себебі, зейнетақы қорынан қаражат алуға болатыны туралы ақпарат", дейді сарапшылар. Ал экономистер болса, "Елдің инвестициялық климаты нашарлай түсті", деп отыр. Тақырыпты әріптесім Ғалымжан Өтемісов зерттеп көрді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ 01.09.2020:

Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, үй сатып алуға немесе білім алу үшін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Жарлықтың "жарқ" еткені сол еді, алып-сатарлар қалта қамына кірісті. Пәтер бағасы адам танымастай көтеріліп кетті. Жыл сайын тек 2-3 пайызға артатын баға динамикасы, биыл 13 пайызға өсіпті. Көш басында Өскемен, Павлодар, Тараз қалалары тұр. Бұл қалаларда баға бақандай 19-20 пайызға көтерілілген. Басқа аймақтарда да жағдай мәз емес, ең арзан деген Ақтаудың өзінде қымбатшылық байқалады.

Ғабит Тұрсынбаев Нұр-Сұлтан тұрғыны. Алғашында ол мемлекеттік қызметте істеген. Алайда мардымсыз жалақы жас маманды таксиден бірақ шығарыпты. Алайда, оның тапқан таянғаны тағы тиынға айналған. "10 жылғы еңбегім далада қалды", дейді Ғабит Тұрсынбаев.

Ғабит ТҰРСЫНБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Карантиннің алдында досым үй алды. Мен де сол баға шамасында пәтер аламын деп жоспарлап жүрдім. Енді қолым жетті дегенде қымбаттап кетті. Кредитке алайын десем, онсыз да проблемам көп.

Бағаның көтерілуі риэлторларға да салмақ салды. Осының салдарынан екінші нарықтағы пәтерге сұраныс түсіп кетіпті. Өйткені, оның бағасы аспандап тұр.

Руслан ТҰРАҚҰЛЫ, БРОКЕР:

Карантиннің де бұған әсері бар. Үйлер өтпей қалады, немесе тез сатып жіберсем, өтіп кетеді деген оймен адамдар бағаны көтеріп тастайды. Мұндай себептермен үйдің бағасын көтеру негізсіз деп білемін.

Баспана құнының өсуі қара халыққа да, ел экономикасына да кері әсер етеді, екен. Сарапшылардың айтуынша, бұл инфляцияға салмақ салатын көрінеді. Дегенмен экономистер баға бір орында тұрмайды, деген ойда. Яғни жазға дейін үйдің құны әлі талай құбылуы мүмкін.

Ғ.Өтемісов